Органикалық өнімдер туралы не білесіз?

Screenshot_4.jpg

Қазақстанда бүгінгі таңда органикалық өнім өндірісі мен экспортын дамыту үшін жағдай жасау бойынша бастапқы қадамдар іске асырылуда. Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу 2015 жылғы 27 қарашадағы "Органикалық өнім өндіру туралы" ҚР Заңы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 23 мамырдағы № 230 "Органикалық өнім өндіру және оның айналымы қағидаларын бекіту туралы" бұйрығы шеңберінде көзделген.

Органикалық өнімдер – бұл ауылшаруашылық өнімдері, акваөсіру және балық шаруашылығы өнімдері, жабайы өсімдіктер өнімдері және оларды  қайта өңдеу өнімдері.

Органикалық өнімдер химиялық өнеркәсіптің жетістіктерін пайдаланбай, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, пестицидтерді қолданбай өндірілетін өнімдер болып саналады. Органикалық заттар өндірісінде шикізаттан бастап дүкен сөрелеріне жеткізілетін оралған өнімге дейінгі бүкіл процесс бақыланады.

Органикалық өнімдерді таңдай білеміз бе?

Органикалық өнім оны нарыққа шығарар алдында сәйкестікті растау бағасынан өтуі тиіс, яғни сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Мұндай өнімдерге органикалық өнімдердің ұлттық сәйкестік белгісі және «био», «эко», «органикалық» белгілері қолданылады.

Тұтынушы сатушыдан сәйкестік сертификатын талап етуге құқылы.  Сондай-ақ, таңбалау мен өнім құрамына назар аударған жөн. Органикалық өнімнің таңбалауында өнім құрайтын шикізаттық ауыл шаруашылығы материалдары өндірілген жер туралы қосымша мәліметтер және органикалық өнім өндірушіге инспекция жүргізген ұйымның атауы болуға тиіс. Сертификатталған органикалық өнімдердің ұлттық сәйкестік белгісіне назар аударыңыз.

Неліктен органикалық азық-түлік сатып алу керек?

Органикалық өнімдер тұтынушының денсаулығына оң әсер етеді, құрамында пайдалы және қоректік заттар бар, дәрумендерге, минералдарға, антиоксиданттарға және басқа биологиялық белсенді заттарға бай, құрамында зиянды заттар жоқ (пестицидтердің, ауыр металдардың, гормондардың, ветеринарлық препараттардың, микотоксиндердің қалдықтары).

А.Ахметов,

Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары