Эхинококкоз ауруын алдын алу

Эхинококк – таспа құрттың бір түрі. Эхинококк құрты иттің ішегінде өмір сүреді. Эхинококк жұмыртқалары немесе оның мүшелері иттің нәжісімен бөлініп, сол ауру жұқтырған ит жүнін, суды, топырақты, шөпті және жұғысқан бөлмені, ыдыстарды ластайды. Олар қоршаған ортада өмір сүруге өте төзімді. 

Сумен және тамақпен эхинококк жұмыртқалары ауыл шарушылығы жануарларының ішегіне түседі. Содан барып бауырға және өкпесіне енеді. Эхинококк құрттының дернәсілі адамның, сүтқоректілердің (аралық иесі – қой, ешкі, сиыр, шошқа, солтүстік бұғысы, ит, мысық, үй қояны, тышқандар) әр түрлі ішкі органдарында (көбінесе бауыр, өкпе, бүйрек, талақ) паразитті тіршілік етеді. Осында оның личинкалары эхинококк сұйықтығына толы шар тәрізді денеге айналады.Осы шар тәрізді дененің ішінде түссіз сұйықтық және ұсақ құм тәрізді эхинококкоз қоздырғыштары болады.Сол малдың ауру жұқтырған мүшесін итке жеуге берсе соңғы жеген жұқтырады. Адамдар оның жұмыртқаларын сумен, тамақпен кір қол арқылы жұқтырады. Егерде қойлар немесе сиырлар ауру итпен бірге бір жерде жатса, оның жұмыртқалары малдың жүніне түсуі мүмкін, одан барып мал қырқу кезінде, малды күту, сиыр сауу және тағы басқа жағдайларда адамның қолына түседі.Асқазанға түскен жылауық құрттың ұрығы сыртқы қабығынан айырылып, ішек қатпарларына енеді, содан әрі қан тамырларына түсіп бауыр, өкпе, бүйрек, ми және басқа ағзаларға барып ұялайды.Эхинококкоз қоздырғыштары адамның кез келген мүшесін зақымдауы мұмкін, әсіресе бауыр мен өкпе зардап шегеді, сөйтіп эхинококкоз ауруы пайда болады.Уақыт өткен сайын ұялаған жерінде жылауық құрт қалтасы өсіп, сырқаттың белгісі біліне бастайды, құрт өскен жердегі ағзаның қызметі бұзылады.Егер эхинококкозбен бауыр зақымдалса, бауырдың оң жағында ауырсыну сезіледі, ал өкпе зақымдалса, онда науқастың кеуде тұсында ауырсыну, жөтел, ентігу, кей кезде қан түкіру болады.Эхинококкоз қоздырғышы барлық іш құрылысқа жайылып және одан әрі асқынуы мүмкін. Егер науқас адам уақтында дәрігерге көрініп ауруын анықтап емделмесе, уақтылы ота жасатып тез арада жылауық құрт қалтасын алдырып тастамаса, ол ұлғая келе жарылып, науқастың өміріне қауіп келтіреді. Бұл асқыну адамның өліміне әкеледі. Бұл аурудың емі тек ота жолымен.Ауру клиникалық, рентгенологиялық және зертханалық жолмен анықталады. Эхинококкоз ауруының алдын алу бірінші кезекте қанғабас және иесіз иттермен күрес жүргізу және міндетті түрде жылына 4 рет иттерге дегельминтизация (құрттарға қарсы дәрілеу) жүргізу қажет.Ал жеке бастың алдын алу шараларына келсек, жеке бас гигиенасын сақтау, балдарды итпен ойнатпау, итті байлап ұстау,ауылшаруашылық малдарына қарағаннан соң, егін аруашылығымен айналысқаннан кейін қолды сабындап жуу, көкөніс, жемістерді жақсылап жуу, беті ашық ыдыстағы немесе ашық су қоймаларынан қайнатылмаған суды ішпеу қажет.

Г.ШАМАНСУРОВА,

Тұран ауданы СЭББ жетекші маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Эхинококкоз ауруын алдын алу