Жамалбек БАЙДЕУОВ: Саумал құрт ауруына таптырмас ем
– Жамалбек Тілеуұлы, санаторияда әлеуметтік маңызы бар аурулардың бірі –туберкулезге шалдыққан науқастарға нендей ем-дом көрсетіледі?
– «Балықшы» мамандандырылған туберкулезге қарсы санаториясының мәні мен мақсаты – туберкулездің алдын алу және сауықтыру көмегін іске асыру. Бұрындары науқастар арнайы препараттарды қабылдайтын. 2018 жылдың қазан айынан бастап емделушілерге туберкулезге қарсы дәрі-дәрмек берілмейді. Яғни, мұнда тек туберкулез диагнозымен емін аяқтап, айыққан науқастарға сауықтыру емін тағайындаймыз. Соның ішінде пациенттердің рациональды тамақтануы, қосалқы диагноздарына сәйкес жалпы әл-қуаттандыру, симптоматикалық, физиоем, массаж, ЛФК қабылдауы туберкулезден кейінгі қалдықты өзгерістердің аз қалуына, туберкулез ауруымен қайталап ауырып қалмауына оң әсерін тигізеді. Біздің мекеменің тағы бір ерекшелігі – сырқат жандарды саумалмен емдеу тәсілі қолданылады. Тіпті ол үшін 2012 жылдың қаңтар айында «Саумал – денсаулық нәрі» деген арнайы бағдарлама енгізілген болатын.
– Заманауи медицина халық емін мойындай бермейтіні рас. Сонда саумалдың құрт ауруына ем екенін дәлелденген болып тұр ғой?
– Құрт ауруының бірден-бір емі ретінде ата-бабамыз биенің сүтін, яғни саумалды пайдаланған. Саумалдың құрамындағы линоль, линоленді, арахидонды май қышқылдары адам ағзасының қорғаныш жүйесін күшейтіп, туберкулез бактериялырының дамуын тежейді. Сондай-ақ, май қышқылдарының антиоксидаттық, бактерия жойғыш қабынуға қарсы әсері бар. Бие сүтінің құрамында 30 түрлі дәрумен, 40 түрлі иммуноглобулин, ферменттер бар болса, 1 литр бие сүтінің құрамында 20 гр аққуыз, 70 гр сүт қанты, 800 мг кальций, 500 мг фосфор, сондай-ақ калии-натрий, кобальт, мыс, йод, марганец, алюминий, темір бар. Бұл микроэлементтер тін зат алмасуына оң әсерін тигізеді. Бие сүтінің ақуыз құрамында 50 пайыз альбумин, 50 пайыз казеин кездеседі. Бие сүтінде лактоза және глюкозаның пайызы өте жоғары. Сүт ферменттері – лактоферин, лактопериоксидаза теріні суландырып дақтарды кетіріп ағартады, терінің жаңаруын жақсартады. Бие сүтіндегі «С» дәрумені ағзаның ауруға қарсы тұруын арттырады. «Е» дәрумені атеросклероздың алдын алып қандағы холестеринді азайтады. «А» дәрумені жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, қартаю процесін тежейді. «В» дәрумені аққуыз және сутегі зат алмасуларын реттейді. Бие сүтінде «А» дәрумені жазда көп болады, «Е» дәрумені көктемде көп болады. Қазақ биесінің 1 литр сүтінде 593 ккал бар. Ең пайдалы бие сүті – таңғы саумал. Саумалды биені сауа салысымен 30 минут ішінде қабылдау тамырларды тазалайды, жүйке жүйесін тыныштандырады, ас қорыту жүйесін жақсартады. Шипасы мол саумалды біздің мамандар науқастарға күніне 2 рет 200-400 мл мөлшерде береді. Саумалды жүйелі түрде қабылдау өкпедегі туберкулез процессінің рентгенологиялық бақылауда қатайып сіңірілуі жеделдейді, өкпе тінінің репарациясын жақсартады. Халық емінің пайдасын біз жоққа шығармаймыз. Сол себепті 2015 жылдың мамыр айынан бастап мекемеде фитотерапия енгізілді. Яғни, мия, шатырлақ, исланд мүгі, мыңжапырақты емдеу ісіне қолданамыз. Алайда, халықтық ем осы екен деп науқасқа әркімнің кеңесі арқылы шөпті немесе басқа да бір заттарды ішкізуге болмайды. Туберкулездің негізгі емі – туберкулезге қарсы препараттарды қабылдау. Ал халық емі науқастың жалпы жағдайын жақсартып, қосымша әл-қуат береді. Халық емін қолданар кезде науқас міндетті түрде дәрігерімен кеңесу қажет.
– Туберкулезге тырнақтан басқа мүшенің барлығы шалдығады екен. Бұл қаншалықты рас және солардың ішінде ең қауіптісі қайсы?
– Туберкулез көптеген мүшелерді зақымдауы мүмкін: өкпе, сүйек буын, зәр шығару, жыныс мүшелері, шеткі лимфа бездері, мезентериальді лимфа бездері, көздің, терінің, орталық жүйке жүйесінің, ми қабықтарының т.б. мүшелерінің туберкулезі. Көз, тері туберкулезі өте сирек кездеседі. Ал тырнақта туберкулез расымен де кездеспейді. Жалпы туберкулездің 85-90 пайызын өкпе туберкулезі, 10-15 пайызын өкпеден тыс туберкулезі құрайды. Құрт дертінің ең қауіпті түрі туберкулез таяқшасын сыртқа бөліп басқаларға жұқтыратындар, яғни туберкулездің «ашық» түрімен ауыратындар.
– Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров кітапты көп парақтағандықтан (саусақпен көп түкіріктеп аша бергендіктен) құрт ауруына шалдығыпты деген алып-қашпа әңгіме бар. Жалпы өмірде мұндай жағдайдың болуы мүмкін бе? Туберкулездің туындауына суықтың өтуі, нашар тамақтану секілді факторлар әсер ететіні белгілі. Жұрт білмейтін, ескере бермейтін тағы қандай факторлар бар?
– Туберкулез – әлеуметтік ауру. Тұрмысы төмен адамдардың аталған дертпен ауырып қалу қаупі жоғары. Құрт ауруына шалдығудың бірінші себебі – өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауырған науқаспен қарым қатынаста ұзақ уақыт болу (бір үйде тұру, көрші тұру т.б.) Сондай-ақ, туберкулезбен мына топтағы адамдар жиі шалдығады: қант диабеті және ас қорыту жүйесінің ойық жаралары, тыныс алу жүйесінің созылмалы түрімен ауыратындар, цитостатикалық, гормональді препараттар қабылдайтындар, маскүнемдер мен нашақорлар. Өкпеден тыс туберкулезді дер кезінде анықтауда жалпы емдеу мекемелерінің – хирург, ортопед, травматолог, невропатолог, терапевт, педиатр, акушер-гинеколог секілді мамандардың рөлі үлкен. Олар өкпеден тыс туберкулездің алғашқы симптомдарын, ауру ағымының белгілерін меңгергендігінен, туберкулез дертін дер кезінде анықтап, емделуіне, сондай-ақ аурудың еңбекке жарамдылық қабілетіне тікелей әсер етеді. Туберкулезді дерті дер кезінде анықталып, емдеу курсын толық қабылдаған жағдайда, науқас туберкулез дертінен толық жазылады.
– Еліміздегі барлық медицина мекемелері «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңғырып, сандық форматқа өту үстінде. Көшпен бірге ілесіп келе жатқан боларсыздар?
– Әрине. Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асып отырған бағдарлама аясында қазіргі уақытта санаторийде стационарлық науқастың электрондық тіркелімі, емдеуге жатқызу бюросы порталы және медициналық ақпараттық жүйесі бағдарламалары енгізілуде. Одан бөлек алдағы уақытта ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз...
– Туберкулез ауруына шалдыққан науқастардың емі ұзаққа созылатыны белгілі. Санаторияда олардың мәдени-сауықтыру шараларына қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Айлап, жылдап аурухана төсегінде жату кімді де болса психологиялық тұрғыдан қажытып жіберетіні рас. Сондықтан біз науқастардың палата ішінде құлазып отырғанын қаламаймыз. Пациенттерге ем-дом қабылдаумен қатар таза ауада көп жүріп, ой сергіткен пайдалы. Санаторияның Түлкібас ауданында орналасуы бекер емес. Өздеріңізге белгілі, бұл өңір таулы аймақта орын тепкен. Ауасы саф алтындай таза деуге болады. Сондықтан науқастардың далада көбірек серуендеруін қадағалаймыз. Одан бөлек, бос уақыттарын тіимді пайдалану мақсатында мұнда кітапхана, спортзал, ойын алаңдары салынған. Емделушілер кез-келген уақытта кітап оқып, жаттығу жасай алады. Аптасына бір рет әуендік сауықтыру кештері де ұйымдастырылады.
– Жауапкершілігі мол медицина саласының бел ортасында жүріп, дертіне дауа іздеген жандардың алғысын арқалап келе жатқаныңызға 30 жылдан асып қалыпты. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін дәрігердің жолында сүрінгенде сізді алға сүйрейтін не нәрсе?
– Дәрігер болу үшін адам өз мамандығын жақсы көру қажет. Әрине, жұмыс қиындықсыз, кедергілерсіз болмайды. Алайда адам денсаулығы кезек күттірмес мәселе болғандықтан, қанша жерден шаршап тұрсаң да қолды бір сілтеп кетіп қалу мүмкін емес. Жалпы мен өнерге жақын адаммын. Жұмыстан бос уақытымда өлең айтқанды ұнатамын. Әсіресе Шәмшінің әндеріне жететін музыка жоқ. 2008 жылы Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансерде қызмет етіп жүргенімде «Хабар» арнасының «Бас дәрігер ән айтса, таң қалмаңыз» бағдарламасында ән шырқаған болатынмын. Неге екенін білмеймін, «Нурикамал» әнін шырқап кеп жіберсем болды, жұмыстың бар қиындығын ұмытып кетемін. Сүрінгенде, шаршап-шалдыққанда өнер деген құдірет мені алға жетелеп тұрады.
– Сұхбатыңызға рахмет!