Денсаулық саласындағы жемқорлықпен күрес мәселесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қадағалауында
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Болат Төкежанов қызметтік іссапармен Түркістан облысына келді. Жауапты хатшы денсаулық сақтау саласына жауаптыларды жинап, саладағы жемқорлықты жою, оның алдын алуға қатысты отырыс өткізді.
Өңірде халық санының көптігі, әлеуметтік мәселелердің артуы жемқорлық қауіп-қатерге әсер етеді. Отырыста жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған коллегиялар, қоғам белсенділерінің көмегімен анықталған заңбұзушылықтар, тұрғындар арасында жүргізілген насихат жұмыстары мен БАҚ-та жарық көрген материалдар талқыланды.
«2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 806 мемлекеттік қызметкер заң бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың басым бөлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінде жұмыс істейді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресті, жемқорлыққа қарсы мониторингті күшейтіп, нәтижесін онлайн-режимде бақылау қажет. Бұған қоса, жемқорлықтың алдын алуда қызметтік этика мен мемлекеттік қызметтің тәртібін сақтау да маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн», - деді Болат Төкежанов.
Жиынға Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің департамент басшылары, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы аудандық басқарма басшылары, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, Ұлт жоспары «100 нақты қадам», Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың кешенді жоспары, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы» меморандум, Денсаулық сақтау министрлігінің 2019-2020 жылдарға арналған жоспарының аясында кешенді іс-шаралар атқаруда.
Бөлісу тақырыбы: Денсаулық саласындағы жемқорлықпен күрес мәселесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қадағалауында