Түркістан облысындағы блокпосттарда «Сергек» орнатылады

сергек.jpg

Түркістан облысындағы блокпосттарда «Сергек» бақылау бейнетіркегіш камералары орнатылады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шұғыл лездемеде айтты деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігінің Түркістандағы тілшісі.  

Лездемеде баяндама жасаған Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтің айтуынша, жыл басынан бері коронавирус дертіне қатысты көрінеу жалған ақпарат таратудың 7 дерегі анықталған. Жалған ақпарат таратқандар Кентау Түркістан қалалары, Мақтарал, Шардара, Келес, Жетісай аудандарында тіркелген. Олардың үстінен Полиция департаментімен ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабымен 7 қылмыстық іс қозғалды.

далбековкон.jpg

Пандемияның алдын алу мақсатында облыс әкімдігінің кешенді қауіпсіздік шараларын қабылдағаны белгілі. Сақтық мақсатында Түркістан облысының шекаралық жерлеріне 35 блок-пост қойылды. Олар елдімекендерде, теміржол вокзалы мен станцияларда орналасқан. Енді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық бақылау бекеттерінде «Сергек» камераларын орнатуды міндеттеді.

Жиналыста «Жібек жолы» кеден бекетінің алдында шоғырланған шетел азаматтарының тағдыры жайлы да айтылды. Бірнеше күн бойы оларға барлық жағдай жасалып, арнайы ашылған лагерьге орналастырылды. Қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, 1777 азамат Өзбекстан Республикасына өткізілді. Тағы жүзден астамы отандарына оралуды күтіп отыр.

Жалпы облыс аумағында 112 ірі сауда орталықтары, 103 базарлар, 33 автовокзалдар, 1 кинотеатр, 1133 кафе-барлар орналасқан. Облыс аумағында барлық елді мекендерде той-томалақ өткізген жағдайда қатаң жауапкершілікке тартылатын ескертілді. Төтенше жағдай режимінде Департаментке жүктелген міндеттер қатаң бақылауға алынып, тиісті барлық іс-шаралар атқарылуда.