Полицейлер оқушыларға тергеу изоляторын аралатып көрсетті

сарокуш.jpg

Түркістан облысының оқушылары полиция қызметінің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сарыағаш аудандық полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының және кадр қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аудандағы №6 Ж.Аймауытов атындағы орта мектеп оқушыларына экскурсия өткізілді. Мектеп оқушыларының арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында, жасөспірімдер аудандық полиция бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты. Яғни жалпы орта мектептерінің әдіскерлері мен тәрбие жөніндегі орынбасарларын, оқушылармен бірге тәртіп сақшыларының оның ішінде тергеушілер, инспекторлар мен жедел уәкілдердің қызметімен таныстырылды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторындағы қылмыс жасап күдікті ретінде отыратын камералардың, демалыс орындар мен тергеу бөлмесі де көрсетілді.

Экскурсия барысында жасөспірімдерге қылмыстың өтеуі жаза екендігі, қылмыс жасаған кезде күдікті ретінде камераларға қамалатындығы жіті түсіндірілді. Ал, мектеп оқушылары болса, полиция бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып қана қоймай, өздеріне керекті, қызықтырған түрлі сұрақтары бойынша мағлұматтарға қанықты. Полицейлердің қызметі, жұмыстағы қиындығы мен нәтижесін және кінәлі адамның отыратын камераларын көзбен көрген оқушылар өздеріне алған ерекше әсерлерімен де бөлісті.

Өз кезегінде мектеп мұғалімдері де күні-түні қызмет ететін полицейлердің уақыт тауып, жұмыс барысындағы өз өмірлерін, қызмет бабындағы кабинеттерін ашық көрсеткеніне алғыстарын білдірді. Осылайша тәртіп сақшылары мен оқушылар ашық пікір алмасып, кездесті. Алдағы уақытта, жасөспірімдер үшін ұйымдастырылатын осындай профилактикалық іс-шаралар одан әрі де жалғасын таба бермек.