Азық-түлік ұрлаған әйел ұсталды
Мақтаарал ауданында дүкеннен күнделікті қажетті азық-түлік ұрлаған әйел ұсталды. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мақтаарал АПБ-нің кезекші бөліміне жеке кәсіпкер, жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, оның атындағы үлкен азық-түлік дүкеніне түскі 14:30 шамасында белгісіз әйел кіріп, дүкен ішіндегі сөрелерден жалпы құны 10 мыңнан астам теңгенің заттарын жасырын жымқырып, байқатпай ұрлап кеткенін жеткізді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 18-бабы бойынша тіркелді.
Мақтааралдық полицейлер аталған ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Камераларды мұқият тексеріп шығып, сұрастырып, жедел ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтады. Осылайша, полицейлер 3 сағат ішінде күдікті әйелдің мекен-жайын тауып, жауап алды. Әйелмен сөйлесу барысында ол дүкеннен зат ұрлағанын толық мойындап, үйінен ұрланған азық-түліктер айғақты зат ретінде алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Түркістан облысы полицейлері түрлі ұрлықтардың алдын алу мақсатында сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Ұрлық жайты орын алған кезде, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер деп ескертеді.