Сарыағашта сейф тонаған Келес тұрғыны Жетісайда ұсталды

сейф.jpg

Жәбірленушінің өзі бір апта іздеп таба алмаған ұрыны Түркістан облысының полицейлері ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. 

Сарыағаш АПБ-ға егде жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, үйіндегі сейфінен ақшасының ұрланғандығын айтады. Полицейлер бұл жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кетеді. Алдымен күдіктіні құрықтау үшін жәбірленушінің үйін тексеріп, қажетті іс шаралардың барлығын атқарады. Жедел атқарылған шаралар мен полицейлердің кәсібилігінің арқасында күдікті бір күннің ішінде анықталды.

Белгілі болғандай күдікті ер адам Сарыағаш қаласына емдік суы бар моншаға демалуға келеді. Емін қабылдап, суға түсіп жүріп өзінің құрбанымен танысады. Егде жастағы кісіге қонатын жері болмай тұрғандығын айтып, үйіне қондыруын сұранады. Ақыры жәбірленушінің сеніміне кіріп, Сарыағашта екі күн қонып, қайтадан кетіп қалады. Алайда араға бірнеше күн салып, түнгі уақытта қайтадан жәбірленушінің үйіне кіріп, сейфінің құлпын бұзып ондағы 700 мың теңгені жымқырып кеткен. Ұрлық жайты орын алғаннан соң жәбірленуші полицейлерге хабарласпай, өздіктерінен іздеп табамыз деп екі апта уақыттарын өткізіп алған. Ал бұл аралықта күдікті ер адам ұрлаған ақшаларын оңды-солды жаратып, Жетісайдағы жалдамалы пәтерде жүрген. Полицейлер оны сол жерден ұстап әкелді.

Сонымен қатар тексеру барысында ер адамның 2018 жылы алаяқтық бойынша тергеліп, жәбірленушіден кешірім алып істің қысқарып кеткендігі анықталды. Ал бұл жайт оның қатысуымен екінші рет орын алып отыр. Бүгінде Сарыағаш АПБ-нің тергеушілері ұсталған ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру амалдарын жалғастыруда. Күдікті қамауда.

Түркістан облысының полицейлері кез-келген адамға сенім білдірудің, сондай-ақ өзіңіз жайлы жеке мәліметтердің барлығын айтудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Мүмкіндігінше бөтен азаматтардың уәдесіне сенбеңіз. Алаяқтар кез-келген адамның осал жерлерін пайдаланып, сенімге жылдам ие болып, өз арам пиғылын іске асырып кетеді. Егерде сіз алаяқтың құрбаны болсаңыз тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.