Марихуана сатумен айналысқан күдікті қолға түсті
Түлкібас ауданының полицейлері табанды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бұрын сотты болмаған алайда есірткіні үйінде сақтап, оны сатумен айналысып жүрген жергілікті тұрғынды құрықтады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Күдіктінің үйіне тінту жүргізу кезінде салмағы 200-ден астам граммды құрайтын есірткі затына ұқсас затты тәркіленді. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның қорытындысына сәйкес «марихуана» екендігі анықталды.
Аталған жайт, Түлкібас АПБ-нің СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде есірткі затын заңсыз пайдалансаңыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеді. Сондықтан мүмкіндігінше есірткіге жоламай, ал егерде онымен айналысқан адамды байқасаңыз немесе қандай да бір ақпар білсеңіз міндетті түрде полицияның 102 нөміріне хабар беріңіз.