Ұялы телефонды ұрлаған абысыны боп шықты
Отырар ауданының полицейлері ұялы телефон ұрлаған әйелді ұстады. Ол арызданушының абысыны боп шықты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында үйінде жиын өткізген күні мұздатқыштың үстіне қойған ұялы телефонын белгісіз біреу алып кеткені, таппай қалғаны жөнінде хабарлама түсірген. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрады. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
Орын алған ұрлықты ашу мақсатында аудандық полицейлер шұғыл әрекетке көшті. Тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, қажетті іс-шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде ұрланған ұялы телефон, құпия сандары арқылы табылып, күдіктінің жеке басы анықталды. «Жау алыстан келмейді» дегендей, ұялы телефонды ұрлаған жәбірленуші әйелдің туысы, яғни абысыны болып шықты. Тергеу барысында анықталғандай ол материалдық пайда табу мақсатында ұялы телефонды ұрлап, өзі қолданып жүрген. Айғақты зат ретінде алынған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Алайда, аталған дерек жәбірленуші әйелдің кешірім беруіне байланысты қысқартылды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызбен, ұялы телефондарыңызға барынша абай болыңыздар деп ескертеді. Яғни, ұялы телефондарыңызды кез-келген жерге тастамаңыздар. Мүмкіндігінше жаныңызда аузы жабық сөмке мен қалтаңызда сақтаңыз. Егерде сізде, осындай ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.