Түркістан облысында полиция қызметіне шағымдануға болады
Тек төтенше жағдай режимінде ғана емес, тәуліктің кез келген уақытында заңсыз әрекет еткен полицей болса, Түркістан облыстық Полиция департаментіне хабарлауға болады. Бұл туралы Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция майоры Мәулен Ахметов айтты.
– Департаменттегі сенім телефоны қаншама жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Бұл – ішкі істер органдарының қызметкерлері, құқықтары бұзылған азаматтармен байланысудың нәтижелі, тиімді алаңы, Жеке құрам арасында, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында қажетті алдын алу жұмыстарын біз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен» бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста жүргізудеміз. Бізде карантин кезеңіне арнайы жоспар әзірленді. Қазіргі таңда облыс периметрі бойынша карантиндік бекеттерге жұмылдырылған жеке құрамды күшейтілген бақылауда ұстаудамыз. Азаматтармен дөрекі қарым-қатынас және қандай да бір құқық бұзушылық жайттарына жол бермеу өте маңызды. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінген, – деді полиция майоры.
Түркістан облысында жасалған полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасының 8 (725 33) 5-85-15 сенім телефонына және 8-701-121-93-35 ұялы телефоны арқылы хабарласуға болады. Ол сонымен қатар қызметтер мен бөлімшелер қызметкерлерінің жұмыстарын бақылаудың бірнеше түрі бар екендігін тарқатып айтып берді.
– Кеуде бейнетіркеуіштерінің көмегімен біз патрульдік полиция инспекторлары жұмысының сапасын тексеріп қана қоймай, даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік аламыз. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алып тастаудың пәрменді шарасы. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттер мен әдепсіз мінез-құлық байқап, куә болған жағдайда облыстық департамент бастығы Қайрат Дәлбековтің фейсбуктегі жеке парақшасына немесе Түркістан облысының Полиция департаменті әлеуметтік желідегі ресми аккаунтына жүгінуге болады, – дейді майор Мәулен Ахметов