№7-ші бекет
«Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің барлық қызметкеріне, санитарлық зертханалардың, сондай-ақ, жедел жәрдем дәрігерлеріне ерен еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен карантинге жабылған азаматтарға медициналық көмек көрсеткен емхана, аурухана мамандарына да көп рақмет! Сіздердің арқаларыңызда және сіздердің мамандық алдындағы адалдық, отансүйгіштік қасиеттеріңіздің арқасында Қазақстан медицинасы күн сайын өршіп келе жатқан жаһандық індетті жеңе алатынына сенімдімін!». Бұл Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың facebook парақшасында ақ халаттыларға жолдаған жүрекжарды ризашылығы болатын.
Қытайдан бастау алып шекара таңдамай, мұхит асқан індет адамзатты есеңгіретіп тастады. Бұл пандемия әлемді өзгертті. Өз кезегінде көзге көрінбейтін жау адамзатқа медицина қызмектерлерін бағалауды, құрметтеуді үйреткендей. Әлемді құтқару қазір сол ақ халаттылардың қолында екенін мойындауымыз керек.
Қазақстан қазір өзге елдер секілді індетпен күрес үстінде. Әрине бұл қарусыз майданда жауапкершіліктің басым бөлігі медицина мамандарына түскені анық. Осы орайда өз өмірлерін емес, халықтың денсаулығын бірінші орынға қоятын ақ желеңді жандар туралы айқымыз келеді.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы МКК» №7 Созақ аудандық кіші бекет бөлімінің жұмысы 24 сағат бойы тыншыған емес. Бірінің басы, бірінің іші, енді бірінің өзге жері сыздаған жанға дереу көмекке келетін бригада мүшелерінің жұмысы қым-қауырт. Оңтүстік өлкенің теріскейіннен орын тепкен Созақ ауданы өңірдегі ең үлкен аудандардың бірі. Мұнда қоныстанған 57 165 мың халыққа екі бригада қызмет көрсетеді. «Қазіргі таңда біздің бөлімде 35 қызметкер бар. Оның 4-еуі дәрігер, 20-сы фельдшер, біреуі бикс реттеуші , 6-ауы диспетчер, 9-ы жүргізуші және екі тазалықшымыз бар. Екі бригада халыққа күндіз-түні қызмет көрсетеді. Бірінші бригада Шолаққорғанда орналасқан. Екінші фельдшерлік бригада 70 км қашықтықтағы Созақ ауылында орналасқан. Шолақорғанда (Абай, Балдысу, Қарабұлақ елдімекендері) 18 560 халық бар болса, Созақ ауылында 10 505 тұрғын бар. Яғни халықтың көп шоғырлануына қарай осы екі елдімекен таңдап алынған. Ауданымызда жедел-жәрдем қызметінен бөлек 4-ші санатты медициналық жәрдем көрсету қызметі бар. Олар көбінесе созылмалы аурулары бар науқастарға, өміріне тілекей қауіп төнбейтін жандарға көмек береді. Ал біздің ерекшелігіміз өте шұғыл көмекті қажет ететін, өміріне тікелей қауіп төніп тұрған, мәселен жол көлік оқиғасынан зардап шегушілерге, эпилепсиямен ауыратындарға, жүкті әйелдер және балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетеміз»,- дейді №7 Созақ аудандық кіші бекет бөлімінің меңгерушісі Әсем Тұяқбаева.
Қарағанды мемлекеттік медицина университетін терапевт мамандығы бойынша 2013 жылы тәмамдаған Әсем Есенгелдіқызы қызметтік жолын емханада нарколог болып бастаған. Бірер жыл терапевт ретінде елді емдеп жүргенде жедел жәрдем бекетіне маман жетіспеушілік себебінен шақырту алады. Бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін сезінген жас маман тәуекелге бел буып, жұмысқа білек сыбана кірісіп кетеді. Білгенім - бір тоғыз, білмегенім - тоқсан тоғыз дейтін маман үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ұжымға еңбегі сіңген ардагер мамандардан үйренерім көп дейді ол.
Жалпы облыс бойынша күніне 2 мыңнан астам шақыртулар түссе, ауданда халықтың санына қарай күніне шамамен 10-20 қоңырау түседі екен. Шақыртуларға тыңғылықты дайындалып баратын фельдшер Самат Масалиев әр шақыртудың өзіндік қызықтары мен ауыртпашылықтары болады дейді. «Дәрігердің үш қаруы бар деп жатады. Олар: біріншісі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз. Біз әрине көп жағдайда науқастармен тікелей қарым-қатынаста болғандықтан оларға жылы сөйлеуге тырысамыз. Мұндай сәттерде пациенттердің жақындарына да жылы қабақ танытып, түсіндіреміз. Қазір көктем мезгілі болғасын кішкентай балаларда тамақ ауруы, тұмау, егде жастағы кісілерде қан қысымының көтерілуі , инсульт секілді дерттер жиі кездесіп жатады»,- дейді Самат Қалдыбайұлы.
Пандемия жедел-жәрдем қызметкерлерінің де жұмысын қиындатқаны сөзсіз. Дәрігер мен фельдшерлер әр шақыртуға күдікпен, үреймен барады. Бірақ мамандығын мақтаныш ететін Самат өз басын қатерден алып қашатын жан емес. «Коронавирусқа күдікті науқастардың үйіне барған кезде арнайы қорғаныш костюмін киіп барамыз. Үй-ішін дүрліктірмей, пацинетті шошытпай жақсы сөздерімізді айтып, аурухағана жеткіземіз. Әрине бойымызда үрей болады. Бірақ осы жолды таңдаған соң сын-сағатта халықты емес, өзіңді ойлап жұмыстан қашу ол жалпы медицина мамандарының атына кір келтіру деп есептеймін. Бұл біздің міндетіміз. Жер бетін індет жайлап бара жатқан кезде адамдарды біз емдемесек, кім емдейді? Алайда ауруды емдеу үшін алдымен өзің сау болуың керек. Шақыртуға барған кезде бірінші кезекте маманның өзі сақтық шараларын сақтап, қорғану керек. Сонда ғана ол өзгеге көмектесе алады. Еліміз осы дерттен аман-есен құтылып, шуақты күндеріміз тезірек оралсын деп тілеймін»,- дейді фельдшер.
Қауіп-қатер тобында жедел-жәрдем көлік жүргізушілері де бар. Жұмысы қарапайым болып көрінгенімен өмірі қыл үстінде тұрған науқасты дер кезінде діттеген жерге жеткізу оңай емес. Біраз жылдан бері жедел-жәрдем көлігін тізгіндеген Дихан Әлжанов науқастарды тасымалдаудан шаршаған емес. «Кезекшілікке түскесін көлікті қабылдап аламыз. Оның жағдайы, тазалығы біздің мойнымызда. Көлік ішінде ауырып жатқан науқастарды көргенде тезірек сауығып кетсе екен деп іштей тілеп отырамыз. Дәрігер, фельдшерлерге қажет жағдайда көмегімізді аямаймыз. Бір сөзбен айтқанда жұмысым өзіме ұнайды. Жалақым да көңілімнен шығады»,- дейді жүргізуші.
2019 жылдың 1 сәуірінен бастап аталмыш бекет Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына біріктіріледі. Бұл өзгеріс ұжымға оңынан әсер етті. Қазір мұндағы мамандар «Көмек» бағдарламасымен жұмыс істейді. Шақыртулардың барлығы call орталыққа келіп түседі. Егер мекен-жай Созақ ауданына тиесілі болса шақырту осындағы мамандардың планшетіне түседі. Аталмыш бағдарламаның артықшылығы барлық деректер сақталады. Яғни бригаданың шақыртуға қай уақытта шыққаны, науқасқа қанша уақыт көмек көрсеткені, оны ауруханаға неше уақытта жеткізгені туралы деректер электронды форматта көрсетіліп тұрады. Одан бөлек жедел жәрдем бөліміне заманауи санитарлық риомобильді заманауи машина берілген. Сондай-ақ барлық жаңа құрал жабдық аппаратымен қамтамасыз етілген. «Ауданымыз шалғайда орналасқамын науқастарға көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Осы ретте Созақ аудандық орталық ауруханасы бас дәрігердің міндетін атқарушысы Дана Ахметова, орынбасарлары Санжар Жанғозиев, Жанна Кертаева , Тахир Абдиевтерге алғысымды білдіргім келеді. Ұжымымыз өте ұйымшыл. Қоғамдық, өзге де іс-шараларға белсенді түрде қатысып тұрамыз. Қазір елімізде медицина мамандарына ерекше құрметпен қарай бастады. Еңбегіміздің бағаланып жатқанына әрине қуанамыз»,- дейді бөлім меңгерушісі Әсем Есенгелдіқызы.
Ауданда халық саны көп болғандықтан екі жедел жәрдем көлігінің аздық ететіні түсінікті. №7-ші бекет ұжымының тағы бір санитарлық риомобильді көлік берілсе деген тілектері бар.
Р.S Кейіпкерлерімізбен телефон арқылы сұхбаттасқанымызда ауданда коронавирус жұқтырған азаматтар тіркелмеген еді. Соңғы мәліметтерге сәйкес 1979 жылғы және 2002 жылғы Созақ ауданының тұрғындарынан covid-19 диагнозы расталды. Бұл жағдай теріскейлік жедел-жәрдем қызметкерлерінің және өзге де медицина мамандарының жұмысын ауырлатқаны айтпаса да түсінікті. Өзгелер үшін өзін аямай жүрген жандардың басына амандық тілейміз!
А.АСАНҚЫЗЫ