Арыс полицейлері жоғалған қызды анасына тапсырды
30 сәуірде күндізгі уақытта Арыс ауданы Монтайтас бекетінде төтенше жағдай режимін сақтау бойынша қызмет атқарып тұрған полиция қызметкерлері жолда жылап жүрген кішкентай қызды байқайды. Учаскелік инспектор, полиция аға лейтенанты Батыржан Салыбаев балаға келіп, ата-анасының қайда екенін сұрайды. Нақты жауап ала алмаған соң, қызды өздерінің шатырларына апарып, дәрігерлерге тапсырып, өзі оның ата-анасын іздеуге шығады.
Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық көшелер мен үйлерді аралап, көршілер мен өтіп бара жатқан адамдардан баласын жоғалтқандар жоқ па екенін сұрастырды. Осы уақытта бекетке жоғалып кеткен қызын іздеген бір әйел келді. Арыс қаласының тұрғыны екен. Белгілі болғандай оның 3 жасар қызы анасы үйде оқушы балаларымен сабақ оқып отырғанда шығып кеткен. Оның үйі бекеттен 300-400 метр қашықтықта орналасқан және кішкентай қыз жоғалғанын білген кезде, оны өздерінше іздеуге кіріскен. Анасы қызын шарқ ұрып іздеп, өзін қоярға жер таппай, жан-жақтан қарап шыққан.
Учаскелік инспектор Б.Салыбаев табылған қыз баланы үрейленген анасына тапсырды. Өз кезегінде әйел Арыс АПБ-нің полицейлеріне жоғалған қызын табуға көмектескені үшін шынайы алғысын білдіріп, тәртіп сақшыларына табыс тіледі.
Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға өздерінің балаларына қырағы болу, олар аулаға немесе көшеге ойнаған кезде назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балалар мен туған-туыстарыңыз жоғалған жағдайда шұғыл "102" телефоны бойынша полицияға жүгіну керек.