Балық аулап, жауапкершілікке тартылды
Заңсыз балық аулау деректерінің жолын кесу үшін ұйымдастырылған жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Созақ аудандық Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау учаскелік инспекторлары Ақжайқын көлінде браконьерлерді ұстады. Олар заңсыз балық аулап, тасымалдаумен айналысатын Шардара ауданының екі тұрғыны болып шықты. Күдіктілердің "Мерседес-бенц" автокөлігінен, полиция қызметкерлері рұқсат құжаттары жоқ болса да ауланған 6 центнерге жуық балық тәркіледі.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТТБТ-ға 335-бабы 3-бөлімі "балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бойынша тіркеді. Айғақты заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Одан бөлек, Ордабасы ауданының полицейлері браконьерлік пен заңсыз балық аулаудың тағы бір дерегін анықтады. Кешкілік рейдтік іс-шаралар барысында Ордабасы ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының инспекторы Бөген көлінде балық аулаумен айналысқан браконьерді ұстады. Ол қайық пен электрлі құрал-жабдықтармен заңсыз балық аулаған жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіден айғақ зат ретінде балық аулайтын керек-жарақтармен балығы бар қап тәркіленді. Бөген көлінің жағасында заңсыз балық аулау жайты бойынша тәртіп бұзушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, жануарлар мен өсімдіктерді, соның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді жою заң бойынша қудаланатынын ескертеді.