Полицейлерді қағып қашқан жүргізуші жарты сағатта ұсталды
Жетісай ауданында полицейлерге шабуыл жасаған мас жүргізуші қамауңа алынды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавирустың таралуының алдын алуға байланысты елде төтенше жағдай режимі кезіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Жетісай аудандық Полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі мамандары рейдтік іс-шаралар жүргізді. Осындай рейд барысында тәртіп сақшылары қала көшелерінің қиылысында себепсіз жүрген "Мерседес-бенц" автокөлігін тоқтатады. Құжаттарды талап ету кезінде мас жүргізуші тәртіпке бағынбай, алдында тұрған екі полицейді соғып, тәртіп бұзушыны тоқтатуға әрекет жасап, көліктің есігінің жанында тұрған үшінші полицейді автокөлігімен сүйрей өтіп, оқиға орнынан ізін суытқан. Үш полиция қызметкері жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілді.
Орын алған оқиға туралы Жетісай АПБ кезекші бөліміне келіп хабарлама берілді. Жасырынған жүргізушінің жеке басын анықтауға, ұстауға полиция бөлімінің барлық жеке құрамы бағытталды.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Жетісай АПБ-нің қызметкерлері ізін суытпай, жарты сағат ішінде Жетісай қаласының тұрғынын, жүгенсіз жүргізушіні құрықтады. Медициналық куәландыруға сәйкес тәртіп бұзушы "орташа дәрежеде" мас халде болған. Және есірткі қолданғаны анықталды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 379-бабы "Билік өкіліне бағынбау" және 380-бабы "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды.
Тәртіп бұзушының автокөлігі айыптұрағына қойылды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.