«Жеңілдетілген несие алып берем» деп ақша алған алаяқ ұсталды

20170607191446.jpg

Алаяқтық жасап танысының 210 мың теңгесін алып қашып кеткен күдікті ұсталды. Ол жеңілдетілген пайызбен төрт миллион теңге әперем деп алдаған.

Қазығұрт аудандық Полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда жәбірленуші танысының жеңілдетілген жолмен несие алып беремін деп сеніміне кіріп, алдап кеткендігін айтқан. Яғни, «4 миллион теңге несие шығарып беремін» деп 210 мың теңгесін алып, жоқ болған. Тұрғын полицейлерден басқа ешкім күдіктіні ұстай алмайтынын біліп, шағымданып көмек сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Күдіктіні ұстау мақсатында қазығұрттық қырағы полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, жедел әрекет етті. Нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдікті анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бұдан да басқа қылмыстық оқиғаларға қатыстылығы анықталуда. Бас шарасы «қолхатта».

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге бейтаныс адамдарға сенбеуді, олардың заңсыз ұсынған ұсыныстарын қабыл алмауды ескертеді. «Жұмысқа тұрғызып беремін, мемлекеттік жәрдемақы, көмек алып беремін, кезексіз тірлігіңізді бітіріп беремін» деген сарында уәде беретін алаяққа сенім артпауға шақырады.