Ұрып-соғып, тонаған күдіктілер жазадан құтылмайды

0013.jpg

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне орталық ауруханаға дене жарақатымен ер адам түскені туралы хабарлама келеді. Ақпарат алысымен полицейлер шұғыл әрекет етіп, оқиға орнына жетеді. Дене жарақатын алған жергілікті тұрғын, полицейлерге өзін белгісіз адамдар тобы ұрып-соғып, қалтасындағы телефоны мен ақшасын тартып алғандығын айтып, арызданады. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 130 000 теңгеден асады. 

Белгілі болғандай, жәбірленуші ер адам Мырзакент кентіндегі азық-түлік дүкенінің жанынан өтіп бара жатқанында жол бойында тұрған өзіне таныс емес төрт жігіт тоқтатып, спирттік ішімдік әкеліп беруін талап етіп, мұны қорқыта бастайды. Жәбірленуші болса, өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын сезіп, сол маңдағы саябаққа қарай қашқан. Алайда жігіттер соңынан қуып жетіп, бірнеше соққы беріп, ұрып-соғу әрекетін жасайды. Содан кейін, дәрменсіз күйде жатқан жәбірленушінің қалтасындағы 90 мың теңгелік ұялы телефоны, 32 мың теңгелік сим картасы және 10 мың теңге ақшасын алып қойған.

Күдіктілерді жедел-іздестіру шараларына аудандық полиция бөлімдерінен тәжірибелі полицейлер тартылды. Жақын маңдағы аулаларды қарап, бейнебақылау камераларын тексеріп, көрген-білгендерден жауап алып, мұқият іздестіру жұмыстары іске асырылды. Соның нәтижесінде «ізін суытпай» күдіктілер ұсталды. Олардан айғақты зат ретінде ұялы телефон мен сим карта алынды. Күдікті болған төрт адамның екеуі қамауға алынды. Үшіншісі кепілмен босатылды. Ал қалған біреуінің осы іске қатыстылығы тексерілуде.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің «Тонау» бабымен тіркеліп, Мақтаарал аудандық полиция бөлімі тергеушілерімен тергеу амалдары жүргізілуде.