Жалған сөйлеп, ақша жымқырмақ болған күдікті қолға түсті

ксен.jpg

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен құқық қорғау органдары қызметкерлері өңірде қылмыстың алдын алу және оны болдырмау мақсатында ел ішінде түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Әйтсе де жалған заң бұзу фактілері кездесуде. Кентау қаласының тәртіп сақшылары сондай ойдан шығарылған, жалған тонау қылмысын "ізін суытпай" ашты.

Таңғы сағат 6.30 шамасында Кентау қаласының полиция бөліміне жанармай құю бекеттерінің бірінде тонау болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына бірден Кентау ҚПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері жетті. Жанармай құю бекетінің қызметкерінің айтуынша, белгісіз ер адам оны ұрып-соғып, күш көрсетіп қорқытып, 170 мыңнан астам теңгесін тартып алған. Бұл жайт ҚР ҚК 191-бабы "Тонау" бойынша СДТТБТ-да тіркелді.

Тәртіп сақшылары тонау қылмысын ашу мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Оның ішінде бейнебақылау камералары мен қылмыстың орнын мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алынды. Тергеу барысы және күдіктілерді іздестіру нәтижесінде жедел уәкілдер, бір тәулік ішінде тонаудың жалған болғанын анықтады.

Көп ұзамай полицейлер қылмыс туралы жалған ақпарат бергенін мойындаған жәбірленушіні ұстады. Белгілі болғандай, жас жігіт ақшаны өзі иемдену үшін тонау болды деп айтып, автокөлігінің жүксалғышына ақшаны жасырып қойған.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 419-бабы "Көрінеу жалған сөз жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Табылған ақша айғақты зат ретінде алынды. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.