Заң бұзғандарға 1,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салды
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен өңірде тәртіп сақшылары мақсаты қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу болып табылатын "Таза Қазақстан" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Карантин кезеңінде табиғат қорғау заңнамасы мен экологиялық нормаларды сақтауға бағытталған төрт күндік шарада полиция қызметкерлері заң бұзғандарға жалпы көлемі 1,5 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салды.
Кентау қаласының аумағында орналасқан Қарашық өзенінің жағасындағы рейдтік іс-шаралар кезінде тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы "ортақ су пайдалану ережелерін бұзу" бойынша 15 тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен карантиндік шараларды міндетті түрде сақтау, бетперде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы түсіндіру әңгімелері өткізіліп, қоғамдық орындарды ластауға жол бермеу туралы 40 жадынама таратылды.
Сонымен қатар, табиғатты қорғау полицейлері балық аулау ережелерін бұзудың 6 фактісін, жалпы пайдалану орындарын ластаудың 13 фактісін және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзудың немесе орындамаудың 211 фактісін анықтады.
Оған қоса, атыс қаруын сақтау және тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 2 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері жалпы көлемі 1,5 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және табиғатты қорғауға шақырады.