«Қарасора» жедел шарасында есірткі сатушылар құрықталды
Түркістан облысы әкімінің есірткіқұмарлықтың алдын алу және есрткі бизнесіне тосқауыл қою туралы тапсырмасын жүзеге асыру барысында ұйымдастырылған «Қарасора» жедел шарасы барысында полицейлер есірткіге қатысы бар екі бірдей күдіктіні құрықтады.
Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі сатумен айналысқан күдіктіні құрықтады. Департамент қызметкерлері мен Арыс ауданының полицейлері есірткі сатумен айналысқан күдіктінің ізіне түседі. Оның қылмысына көз жеткізу үшін тұрғылықты мекен-жайын анықтап, бірқатар іс-шараларды жүзеге асырады.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні ҚР ІІМ Ұлттық Ұланның арнайы жасағы мен кинологтардың қатысуы арқылы қылмыс үстінде ұстайды. Осылайша күдіктіге қатысты жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша СДТТБТ-не тіркеледі.
Ал ұсталған күдіктіге келер болсақ, оның бұрын соңды сотты болмаған, жергілікті тұрғын екендігі белгілі болды. Оған қоса күдіктінің үйін тінту кезінде, 8 дана полиэтилен пакетіне және 8 дана параққа оралған жасыл түсті есірткі тектес заттары табылды. Айғақты заттар сараптамаға жіберіліп, оның қорытындысы бойынша 50 грамға жуық кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ұсталған ер азамат қамауға алынды.
Дәл осындай жайт Келес ауданында да орын алды. Аудан полицейлері Шекара қызметкерлерімен бірлескен жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде шекаралық бақылау бекетіндегі автокөліктерді тексереді. Кезекті бір көлікті тоқтату кезінде жүргізуші күдік тудырады. Полицейлер оны тінту кезінде қалтасынан қағазға оралған жасыл түсті есірткі тектес затты табады. Бірден сараптамаға жолданып, қорытындысына сәйкес 1 грамнан астам кептірілген марихуана екендігі анықталады.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ күдікті азамат көршілес елдің тұрғыны болып шықты.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде есірткі затын заңсыз тасымалдасаңыз, сатсаңыз немесе пайдалансаңыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеді.