Ешкі ұрлап қылмыскер атанды

023.jpg

Президенттің пәрменімен заңға енгізілген мал ұрлығына қатысты қатаңдатылған жазаны жүзеге асыру туралы Түркістан облыс әкімінің тапсырмасын орындау тәртіп сақшыларына жүктелген. Бұл бағытта кентаулық полицейлер 16 ешкіні айдап кеткен ұрыны тез арада ұстады.

Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне жақын орналасқан ауылдың екі тұрғыны арызданып, күндіз жайылымнан олардың 16 бас ешкісін ұрлап кеткендігін хабарлаған. Мал ұрлығы ауыл тұрғындарына жалпы көлемі 1,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тіркелді. Оқиға орнына келген полицейлер күдіктілерді іздеуге кірісті. Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары аулаларды және жақын маңдағы жайылымдарды аралап, өтіп жатқан адамдардан жауап алды, көшедегі бейнебақылау камераларын тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Кентау қалалық ПБ полицейлері күдіктіні "ізін суытпай" ұстады. Ол Кентау қаласының бұрын сотты болған, жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Тергеумен анықталғандай, мал ұрысы ауылдың көшелерінің бірінде жайылып жүрген иесіз малдарды байқап қалып, ешкімнің көріп тұрмағанын пайдаланып, 13 бас ешкіні ұрлаған. Содан ер адам 10 минуттан кейін қылмыс орнынан 100 метр қашық жерден қараусыз қалған тағы 3 бас ешкіні көріп, оларды да қосып айдап кеткен.
Қазіргі уақытта үй жануарларын ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Айғақты зат ретінде алынған ешкілер заңды иелеріне қайтарылды. Ұсталған азаматтың басқа да осындай мал ұрлығына қатыстылығы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болу және өз мүліктерін сақтау шараларын қабылдау қажеттігін еске салады. Малды жайылымдар мен қора-жайларда қараусыз қалдырмаңыз, бақташыларды жалдағаныңыз жөн. Аулалар мен қораларыңызды сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтып, сондай-ақ мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнату қажет. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ешкі ұрлап қылмыскер атанды