Туысының тоңазытқышын ұрлаған күдікті ұсталды

054.jpg

Түркістан облысы әкімдігінің қылмыстың ізін суытпай ашу және құқық бұзушылықты болдырмау талаптарын орындау мақсатында тәртіп сақшылары қырағылықты күшейтті. Нәтижесінде тез ашылған қылмыстардың бірі Төлеби ауданында тіркелді.
Төлеби аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданып, дәмханасындағы тоңазытқышының ұрланғандығын хабарлайды. Келтірілген шығын көлемі 120 мың теңгені құрады.
Қылмысты ашу мақсатында аудан полицейлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Олар бірден іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жақын аймақтарды мұқият тексеріп шықты. Тәртіп сақшыларының жүргізген іздеу жұмыстарының нәтижесінде күдікті бір тәулік ішінде анықталып, қолға түсті.
Тергеу барысында анықталғандай ұсталған ер азамат өзінің арам ойын жүзеге асыру мақсатында, таңғы сағат 07:30-дар шамасында такси шақырып, дәмханаға барады. Оның қосымша есігінен кіріп, жүргізушінің көмегімен тоңазытқышты көтеріп алып шығып, оқиға орнынан жасырынған.
Осыдан соң ұрлаған тоңазытқышын өз туысына апарып, небары 20 мың теңгеге бағалап сатып жіберген. Ал ақшаны өзінің жеке бас пайдасына жаратқан.
Күдікті ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар ер азаматтың бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысы полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: өзіңізге тиесілі жеке мүліктеріңізді ашық және қараусыз қалдырмаңыздар. Мүмкіндігінше сақтық шараларын ұстанып, меншігіңіздегі нысандарға бейнебақылау камераларын орнатыңыздар. Ал егер қылмыс орын алса немесе куәсі болсаңыз, бірден полицейлерге хабар беріңіз!