Айгүл ӘБДІРАМАНОВА, гинеколог: Ерте жүктілік – ағзаға қауіпті

Қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған қыздардың тұрмысқа шығу фактлері жиілеп кетті.  Ерте жастан ата-ана атану жасөспірімдер арасында қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Ата-бабаларымыз  13-те отау иесі деп айтып кеткен.  Заманына қарай адамы демеске шара жоқ. Алайда олардың ағзасы физиологиялық  өзгеріске  дайын ба ? Шымкент қаласы  « Grand Clinica  » медициналық  орталығының директоры, гинеколог, репродуктолог, эндокринолог  Айгүл  Әбдірамановамен  осы тақырыта сұхбаттасқан едік. 

image.png

–Қыз  баланың  ағзасы неше жастан бастап жыныстық өмірге дайын болады.    Ерте жаста тұрмыс құрудың салдары қандай ?

– Бұрынғы уақыттарда   қыз баласы 13 жасқа толғанда отау иесіне айналған. Себебі ата-бабаларымыз салт-дәстүрге сай солай болғанын қалаған. Ал қыз баланың ағзасы ол уақытта жыныстық өмірге, бала көтеруге дайын болмайды. Кәмелет жасынан асқан соң қыз баланың ағзасы толықтай жетіле бастайды. Жалпы 18 жасқа жеткенде тұрмыс құруға дайын ба жоқ па қыз өзі шешеді? Бойжеткен  кәмелет жасында өмірінің жауапкершілігін сезініп , гормондық жүйесі макро және микроэлементтер толықтай қалыптасып үлгереді. Сонымен қатар қыз бала психологиялық тұрғыда дайын болады. Яғни, 18 жаста тұрмыс құрып, ана болу қыз балаларда қалыпты жағдай. 

Статистика бойынша  Эфиопия, Африка елдерінде қыздарды биологиялық процесс енді жүріп бастаған кезде яғни (етеккір) келе бастағанда тұрмысқа беріп жібереді. Алайда қыз баласы ол кезде  біріншіден жыныстық қатынасқа психологиялық, физиеологиялық тұрғыда дайын болмайды. Дегенмен ол кезеңдерде бала көтеріп қалу мүмкіндігі басымырыақ. Себебі статистикаға сүйенсек, ең ерте бала көтерген қыз  10 жаста болған. Бүгінде қыздарымыз ерте жетіліп барады, мұның себебі экологиялық өзгеріс факторымен байланысты  болуы мүмкін. Әртүрлі жаңа технологиядан күнделікті көріп жүрген кино, бейнероликтердің әсері де болуы ықтимал. Егер де 12 млн жасөспірім қыз 14-18 жас аралығында тұрмыс құрса, соның ішінде нақты 70 мың жеткіншек қыз  ана бола алады екен. Ал қалғаны түсік жасатады я болмаса түсік жасату барысында ана өлімі орын алады. Қазіргі жасөспірім кезеңіндегі жастар ересек болудың реті осы екен деп, өмір жауапкершшілігін сезінбей шешім қабылдайтындай түйіледі.. Кеңес үкіметі заманында көп нәрсеге  тежеу болған, мұндай жағдайлар кемде-кем болатын. Ал қазір барлығы қолжетімді. Жыныстық сауатқа байланысты мағлұматтарды телефон арқылы, журналдан, газеттен таба алады. Жабық тақырып  саналатындықтан бұл тақырыптағы мәселелерді этикалық тұрғыда дұрыс яки бұрыс деп анализдеу де оңай емес. Ақпарат алу процесі дұрыс болмаған соң, төсек қатынасы көп орын алады.  Әсіресе жасөспірім қыздардың  тым ерте ана болуы  деген ауыр емес пе?

–Қалай ойлайсыз  ата-аналар перзентімен  ашық диалог құруға жасқана  ма?

–Қазақта қызды қырық үйден тыю деген жақсы нақыл сөз бар. Бірақ та қызды тежей беру керек екен деп түсінбеу керек. Себебі отбасыда қыз анаға жақын болып онымен сырласа алмаса, бала жылулықты сырттан іздейді. Ішінде айтқысы келіп айта алмаған сырлары көп болады.  Кейде ата-анасынан көкейіндегісін бүгіп жатады. Тіпті өзінің жетіліп жатқандығын, туындаған сауалына яки мәселесіне көмекті ата-анасынан алуға, сұрауға сескенеді. Ата-ана баласына оқытушы я үйретуші болумен шектелмеуі керек.   Кезі келсе, дос болуы тиіс. Ең бірінші кезекте ата-ана арасындағы ұрыс-керісті бала мүлде көрмеуі, әке тарапынан боқауыз сөз естімеуі керек. Бұл бала психологиясымен ойнайтын қауіпті құбылыс.

Сананы тұрмыс емес, орта билейтін кезең ғой. Бозбала мен бойжеткеннің ерте жетілуіне ортасы ықпал етеді.  Тіпті  жанында жүрген достарынан зәбір көріп жүрген болуы мүмкін. Алайда оны жан баласына айта алмай бала бойында түрлі өзгерістер орын алады. Сондықтан балаңыздың ортасына  бір сәт назар аударған жөн. Қыз бала анасына қорықпай өз денесінде болып жатқан түсініксіз заттарды айта алса,  осындай мәселелер қоғамда орын алмасы анық. Ата-ана мен бала арасындағ диалогтың ашық болмауы, баланы басқа жақтан ақпарат алуға мәжбүрлейді. Вакуум ешқашан бос тұрмайды. Бала қажет еткен мәліметін отасынан алмаса, сырттан-ақ сол туралы біледі. Дегенмен дереккөздің мағлұматқа позициясы әркелккі болғандықтан, балада ақпараттық проблема пайда болуы мүмкін. Ересек өмірде бала кезде алған психикалық жарақаттар көп әсер етеді. Соны назарда ұстасақ, кез келген ата-ана баласымен ашық диалог құрып, оған не қажетін біліп жүргені дұрыс.

–Сіздің мекемеге келетін нәзік жандыларда қандай диагноз жиі кездеседі. Бала жоспарлағанда әйел денсаулығында қандай факторлар маңызға ие?

–Біздің орталыққа  көбінесе балалы бола алмай жүрген қыз-келіншектер келеді. Бұрындары орта жастағы әйелдер жиі тексерістен өтетеін. Қазір 18-19 жастағы жас қыздар келеді. Мені бір қуантатыны – қыз-келіншектердің денсаулықтарына алаңдап немесе болашақ баласының денсаулығына алаңдап арнайы мамандармен кеңесетіні.  Ағзасын тексеруден өткізіп, саулығын  саралауы. Өйткені көп қыздар тұрмыс құрғаннан кейін 5-6 ай көлемінде бала көтермей жатса, соның себебін ізденіп, маманмен кеңесіп барып балалы болуды жоспарлайды. Балалы болуды жоспарлағанда ең әуелі ер мен әйелді толықтай тексеруден өткізіп, ақаулық болса емделуін қадағалаймыз.

 Адам өзінің он екі мүшесі сау екеніне көз жеткізіп алса, ары қарай еш қорқынышсыз балалы болуға асығады. Сонымен қатар пациенттерімізде жыныстық жолмен  тарлатын жұқпалы аурулар жиі кездеседі. Мәселен ағзадан-ағзаға өтетін қарапайым вирустарды айтуға болады. Ол іштегі балаға өте үлкен қауіп төндіреді.  Яғни жатырдағы  баланың суы азайып кетуінен  вирустар миға шабады. Бұл фактор баланы соңында ДЦП диагнозына душар етеді. Вирустар ми клеткаларын зақымдауды өте қатты жақсы көреді. Вирустардың пайда болу себебі көбіне иммуниеттің әлсіздігінен,  стресстен туындайды. Бүйректің үстінде картизол деген без болады,  ол стрессті гармон, күйзеліс жағдайларында қарқынын асыра түседі. 

Біздің орталықтың көмегіне жүгінгендердің  ең жасы – 15  жастағы шетел азаматшасы еді. Жасанды  түсік мәселесі бойынша маман көмегіне жүгінген. Алайда біздің орталықта  түсік жасату мәселелері қарастырылмаған. Біз ол қызды психологпен байланыстырып  көмек бере алдық. Негізінен біздің мекемеде ең ерте ана болу бақыты бұйырған жеткіншек 17 жаста болды. 

Кәмелеттік жасқа толмаған қыз ана атанса,  баланың денсаулығына кері әсерін береді. Өйткені жасөспірім қыздардың ол жаста әлі бүйрегі толық жетілмеуі мүмкін. Нәтижесінде ерте босанып қояды. Сол үшін барынша ішкі органның жетілуін күткен жөн.  Айта кететіні бұл жерде ең қиыны жасөспірім ерте бала көтеріп, ерте босанатын болса соңы ана өлімімен аяқталып жатады. 

Нақты 14-15 жастағы қыз баланың ағзасы бала көтеруге дайын емес. Себебі бұл – үлкен  жауапкершілік. Ең әуелі ағзаның  әлсіз болуы, анемия, омыртқаның қисаюы секілді мәселелер балалы болуға кедергі. Қисық омыртқамен бала көтеру үлкен қатер деуге болады. Ерте жаста жүктілік кезеңінде уақтысынан ерте босанып қою мүмкіндігі өте жоғары. 

–Ана болғысы келіп жүрген  жасөспірім қыздарға  қандай кеңес берер едіңіз.  Болашақ ананың тамақтану рационы қандай болу керек? Дүниеге дені сау перзент әкеуге негіз болатын қандай кеңестер бересіз? 

–Негізінен қыздар көбінесе көйлек киіп жүруі керек.  Денені қысатын үлгідегі шалбар кию дұрыс емес. Спортпен айналысатын қыздар ауыр атлетика, таэкванда,каратэ секілді спорт түрлерімен мүмкіндік болса айналыспаған жөн. Аналарға құлаққағыс болсын,  қыздарыңыздың спорттың ауыр түріне бейімделіп кетуіне жол бермеңіз. Себебі олар – болашақ  ана! Сонымен қатар ағзаға зиянды  чипсы, кириешки сияқты тағамдар жүктілікке қарсы шабуыл жасайды. Бұл тағамдар бала көтеруге тікелей зиянды дәм саналады. 

Мектеп қабырғасында болсын яки түрлі ЖОО-да ерте жыныстық қатынасқа байланысты арнайы сабақтар жүргізілуі тиіс. Бұл – жеткіншектерді  саналы ұрпақ қалыптастыруға, ана болуға дайындауға үлкен мүмкіндік . Жүкті болуға 14-15 жастағы қыздар мүлде дайын емес, себебі оның дене мүшелері әлі жетілмеген болуы мүмкін.   Маған көбіне бала көтеру мәселесіне байланысты 17-25 жас аралығындағы қыздар келеді. Сондай-ақ 35 жастағы әйелдер де осы мәселе бойынша жиі кеңес алады. Жалпы 35  жаста ана болу біраз қиындық тудырады. Өйткені ағза қатайып,  біраз өзгерістер орын алып үлгереді. Ағза жүктілік кезінде бір емес екі адамға қызмет көрсететіндіктен бұзылыстар орын алуы ықтимал. Жүктілік кезеңдерге қалқанша безге, жүрекке, бүйрекке, бауырға көп салмақ түседі. Жүкті болу ойын емес.  Организм тоғыз ай екі адам үшін қызмет етеді. Шамамен бір жыл аралығында өтетін қиындық қой. 

Сол себепті әр нәрсе өз уақытымен болғаны дұрыс. Бұл мәселе тікелей денсаулықпен қатысты болғандықтан, немқұрайлылық танытпау керек. Керісінше ағзаны құрметтеп, баптай білу әрбір әйелдің міндеті. Жастар жастықтың буына алжаспай, қателікке бой алдырудан аулақ болғаны,  ата-ананы тыңдағаны дұрыс .

–Сұхбатыңызға көп рақмет! 

Әңгімелескен Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ