Компьютер мен ғаламтордың адам ағзасына әсері

Screenshot_12.jpg

Қазір адамдар қызмет орнында да, үйде де компьютермен жұмыс істей береді. Оның өмірімізге, кеңінен енгені соншалықты, бала біткен ойыншықпен емес, компьютермен ойнап, өзінің өміртанымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастырады. Қазіргі күнкөріс қамы мен заман ағымының күрделілігі, көптеген ата-аналар тәулік бойы балаларының тыныс-тіршілігіне бақылау жасай алмай, олар шектен тыс бейнемонитордың алдында отырғандықтан денсаулығына зор зиянды әсер алады.

Компьютерлік сырқат белгілері

Негізінен, компьютердің алдында отырып, жұмыс істейтіндердің шағымданатын сырқат белгілері екі топқа бөлінеді:

1. Көздің көру қабілетінің нашарлауы.

2. Бастың желке тұсының (қарақұсының), мойын мен иық, жауырын, білектің ауыруы. Көру қабілетінің нашарлауы оның бұлдырап, анық көрмеуі, өзіне түскен салмақтан күйген тәрізді ашып, қызаруы.

Көздің барлық көру қабілеті белгілерін біріктіріп, мамандар оны компьютерлік көру қабілетінің синдромы деп атайды. Дәрігерлердің айтуынша, компьютерлік көру қабілетінің синдромдары уақытша рефракцияның нашарлауына немесе күшеюіне, аккомодация көлемінің кішіреюіне, қарама-қарсылық сезімталдығының, сезіну қабілетінің әлсіреуіне әкеліп соқтырады.

Жалпы, бейне монитордың, жазу столының, отыратын орындықтың, тағы да басқаларының орналастырылуы дұрыс болуға тиісті.Орындықтың биіктігін, арқалығының дұрыс тұруын, клавиатураның тұрған орнын, дисплейдің көлемін, экранмен ара қашықтықта жұмыс істейтін адамның өзіне ыңғайластырып қойғаны абзал. Өмір тәжірибесі көрсеткеніндей, көп жағдайда дисплей өте жоғары тұрады, жүйелік блоктың үстіне қойылады. Соның салдарынан, басты үнемі көтеріп отыруға тура келеді де, мойын омыртқа тұсы ауыратын болады.

Жарыққа да мән берген жөн. Мамандар бөлмеге жарықтың 300-500 люкс шамасында біркелкі түсу қажеттігі жөнінде ақыл-кеңес береді. Негізінен, жарықтың қапталдан түскені қолайлы және бөлменің төбесі қабырғасына қарағанда ашық, ақ болуы шарт.

Монитор мен клавиатураның зияны

Компьютерден шығатын электромагниттік сәуленің адам ағзасына зиянды екендігі жөнінде көптен бері айтылып келеді. Алайда бұл барлық компьютерлерге тән емес. Қазіргі компьютерлерге қарағанда ертеректе шыққандары қауіпті. Олардың арасындағы айырмашылық өте үлкен. Кейінгі жылдары шығарылған компьютерлер өз құрылысына қарай үш түрге бөлініп келді: «ақ», «сары», «қызыл» болып. «Ақ» құрылысты компьютерлер АҚШ-та, Жапонияда және Батыс Еуропа елдерінде шығарылған. Олар сапалы да қауіпсіз. «Сары» құрылысты компьютерлер Азия елдерінде (Гонконг, Тайвань) жасалынған.Сапасы өте жоғары емес. «Қызыл» құрылысты компьютерлер өзіміздің шеберлердің құрастырғандары. Зиянды сәулені көбірек бөлетіні де осылар.

Бұрындары көбінесе монитор өтез иянды дейтін. Мамандар клавиатураның одан да қауіптірек екенін айтады. Себебі, клавиатурадағы төмен диапозаннан тарайтын электромагниттік сәулелер саусақ арқылы ағзаға әсер ететін көрінеді. Нәтижесінде, компьютермен көп жұмыс істеген адам жүйке ауруына ұшырайды. Және де компьютердің алдында көп отырғандар саусақ ауруларына да шалдығады.

Ғаламтор және бала денсаулығы

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының дәлелдеуінше, бүкіләлемдік ғаламтор желісі жеткіншектерге физикалық, психологиялық жағынан айрықша зиянды. Ең алдымен,

баланың көру қабілеті төмендейді, себебі, бұлшық еттері қатаймаған жасөспірімнің көздері шаршайды. Сондай-ақ, компьютер алдында көп отыру жас балдырғанның омыртқа сүйегін зақымдайды. Қозғалыссыз отыру, қолмен ғана бірыңғай жұмыс істеу, содан ағзаға салмақ түсуі баланың жүйке қызметін бұзып, мойнына тұз бен суықтың жиналуына (остеохондроз) әсер етеді. Және де жамбас сүйектің үнемі қозғалыссыз қалуы қабынуы (простатит) мен тоқ ішектегі тамырдың кеңеюі (геморрой) ауруына ұшыратады.

Британдық биологтар арнайы зерттеу жүргізе келіп, мынандай қорытынды жасап отыр: «Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне де кері әсер етеді, гормональдық тепе-теңдікті бұзады, иммунитетті нашарлатады, мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой-санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді». Өздеріңізге белгілі, жүйкеге салмақ түсуі дегеніңіз – ойлау қабілетінің төмендеуі, көңіл бөлу мен есте сақтаудың кемуі, бас ауруы мен ұйқысыздық, көңіл-күйдің құлазуы.

Компьютерді дұрыс орналастыру

1. Монитор экраны көзден 50, тіпті 70 сантиметр қашықтықта тұруға тиіс.

2. Экранның жоғарғы бөлігі көздің тұсынан төмендеу тұрғаны жөн.

3. Жұмыс жасайтын жерде бірнеше компьютер болса, ара қашықтығы 1 метрдей болсын.

4. Мүмкіндігінше, компьютердің артының қабырғаға қараптұрғаны дұрыс.

5. Компьютер тұрған бөлмеде шаң болмауықажет. Шаң – өте зиянды.

6. Компьютер тұрған бөлменің ауасын тазалап тұрады, компьютердің жанына су құйылған ыдыс қояды.

7. Компьютерде 1-2 сағаттан артық отырмайды. Жұмыс барысында мүмкіндігінше 5-10 минут үзіліс жасаптұрады.

8. Үзіліс кезінде көзге жаттығулар жасайды: көзді жоғары-төмен, оңға-солға, айналдыра қозғалтады, алысқа көз жібереді, терезеге қарайды, сонан соң көзді жақын маңайға қарауға бағыттайды.

9. Компьютерлік көру қабілетінің синдромдарын жою үшін экран бетіне түсіп тұратын сәулелі шағылысу дақтарын жояды. Мұндай сәулелі шағылысу дақтары жоғарыда, артта орналасқан люстрадан, терезеден түскен жарықтан, үстел үстіне арналған шамнан түсуі мүмкін. Сол себепті, мониторды сөндіріп, экран бетінің шағылыспай, қалыпты жағдайда тұрған-тұрмағанын тексеріп алады. Егер сәулелі шағылысу дақтары байқалса, экран алдына айна қойып, оның қайдан түсіп тұрғандығын анықтайды.

10. Егер де компьютердің алдында бала отырса, әрбір 20 минут жұмыс жасаған соң 15 минут демалуға тиіс. Ересек адамдар 2 сағаттан соң 10-15 минут демалады.

11. Компьютермен жұмыс жасаған соң міндетті түрде салқын сумен жуыну қажет.


А.Айдарова, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

 сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы