Тырысқақ

Тырысқақ (cholera) – антропонозды жіті ішек жұқпасы, Халықаралық медициналық санитарлық ережелерге сәйкес карантинді жұқпаларға жатқызылады.Дезинфекциялық дәрілерге тырысқақ қоздырғышы өте сезімтал келеді.

Screenshot_7.jpg

Тырысқақ қоздырғышы ауру адамнан сау адамға әртүрлі жолмен жұғады. Тырысқақпен ауырған адам әлінің бар уақытында лас қолмен азық-түлікке араласып тағам дайындаса, үй мүлкін ұстаса қоздырғыштар адамның асқазанына түсуіне үлкен жағдай туады. Әсіресе ауру адамды күтушіге ауру қауіпі зор. Тырысқақ осымен қатар, сау адамға осы аурудың қоздырғышы түскен су арқылы да, көкөніс, жеміс тағамдары арқылы да жұғады. Дайын тағамдарды шыбын арқылы тырысқақ қоздырғышымен ластанатынын әр уақытта есте ұстау керек.

Қоздырғыш адам денесіне кейін аурудың алғашқы белгісі білінгенше бірнеше күн өтеді (аурудың астыртын мерзімінің ұзақтығы бірнеше сағаттан 6 күнге дейін). Аурудың алғашқы белгісі жиі-жиі іш өтіп, құсу, нәжістің сүйылып,бірте-бірте табиғи түсін жоғалтуынан басталады. Аз уақыттың ішінде нәжіс түсі мүлде өзгеріп, күріш суына ұқсайды. Науқас бірте-бірте әлсізденіп, басы айналып, аяқ-қолының бұлшық еттері тартылып, денесі қалшылдайды.Әрдайым ауру адамның дене қызуы төмендейді. Тырысқақтың жасырын мерзімі қысқа бір күннен бес күнге дейін.

Ауру таралуының негізгі себебі қауіпсіз судың тапшылығы не жоқтығы, санитариялық құралдардың болмауы, бұған қоса, қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауы болып табылады.

Тырысқақ өте жұқпалы, оған балалар да, ересектер де шалдығады. Басқа ішек ауруларынан ерекшелігі ол бірнеше сағат ішінде дені сау ересек адамның өзін өлімге душар етеді. Иммунитеті төмен тұлғалар, дұрыс тамақтанбайтын балаларға және АҚТҚ жұқпасына шалдыққан адамдарға тырысқақ жұққанда өлім қаупі өте жоғары. Емдеу жасалмаса, өлім коэффициенті 30-50 пайызға дейін жетеді. Дегенмен, медициналық көмекке дер кезінде жүгінсе және емдеу дұрыс жүргізілсе, аурудың соңы, көп жағдайда сауығумен аяқталады.

Жіті ішек аурулары мен тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маусымның басталуына орай, тырысқақтың әкелінуін, таралуын болдырмау мақсатында ауданда келесі алдын алу іс-шаралары жасалуда:

- эпидемиологиялық (жаз) маусымда судың беткі қабаттарындағы суға және сыртқы орта нысандарына тырысқақ вибриондарына үнемі зерттеулер жүргізіледі;

- емдеу - алдын алу мекемелерінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің облыс көлемінде тырысқаққа күдікті адамды анықтау бойынша дайындығы қамтамасыз етілген;

- арнайы тәртіптік мекемелерге, әлеуметтік оңалдандыру мекемелеріне түскен, шетелден келген адамдарды тырысқаққа тексеру жүргізіледі, сонымен қатар, ішек ауруына шалдыққан адамдардың материалдарына зертханалық зерттеу жасалады;

- этиологиясы белгісіз жұқпалы аурудан көз жұмған адамдардың мәйітінен алынған материалдар зерттеледі;

- халық арасында санитарлық-ағартушылық жұмыс жасалады.

Аурушаңдықтың қаупі жоғары аудандарда тұратын немесе сапарға шығатын адамдар өздерін жіті ішек ауруларынан, соның ішінде тырысқақтан гигиена мен тамақты дұрыс дайындаудың мына ережелерін орындай отырып,сақтана алады:

- тамақ дайындар және тамақтанар алдында мұқият қолыңызды  жуыңыз;

- тек қайнатылған суды ғана ішіңіз. Ыстық шай не кофе, шарап, сыра, газдалған су немесе алкогольсіз сусындар, және бөтелкедегі не пакеттегі жеміс шырындары сияқты сусындар әдетте қауіпсіз саналады;

- егер қауіпсіз судан жасалғанына күмәніңіз болса, мұзды пайдаланудан бас тартыңыз;

-термикалық өңдеуден мұқият өткізілген өнімдерді пайдаланыңыз (қайнатылған, пісірілген/қуырылған, ыстық сумен жуылған(жеміс, көкеніс) немесе қабығынан аршылған,

т.б.). Шикі теңіз өнімдерін пайдаланбаңыз;

- алдын ала дайындалған тамақты жақсылап ысытыңыз;

- пастерленбеген сүтті ішер алдында қайнатыңыз;

- егер сізде диарея болса, әсіресе, ауыр түрі,немесе жиі құссаңыз, шұғыл арада медициналық көмекке жүгініңіз. Медициналық көмекті күтіп отырғанда, қайнатылған су немесе тәтті емес,мысалы, сорпа ішкен жөн.

Бәйдібек аудандық СЭББ бас маманы

Өтеулі Жандос Таңжарықұлы

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Тырысқақ
Кейінгі: Көптеген
Алдыңғы: Сібір жарасы