Эхинококкоз қандай ауру? Одан қалай сақтануға болады?

Жылауық құрт кеселі (эхинококкоз) - адам мен мал ағзаларына құрт ұрықтарының түсуінен пайда болатын дерт. Ол көбінесе аңдар мен ауыл шаруашылығы малдарынан, ит, мысықтардан жұғады. Көзге әрең көрінетін жылауық құртының ұзындығы 2 мм ден 1 см-ге дейін болады. Олар иттің, қасқырдың, түлкінің аш ішегінде өсіп өнеді де, солардың дәреті арқылы суды, шөпті, жерді ластайды және қоршаған ортада ұзақ уақыт өсу қабілетін жоғалтпай сақтайды. 

Screenshot_24.jpg

Бұл құрттар адам ағзасына аң терілерін пайдаланғанда, ит пен мысықты ұстағанда қолға жабысады да қолды жумай тамақ ішкенде, бұлақтар мен өзен суларын қайнатпай ішкенде адам ағзасына түседі. Асқазанға түскен жылауық құрттың ұрығы сыртқы қабығынан айырылып ішек қатпарларына енеді, содан-әрі қан тамырларына түсіп бауыр, өкпе, бүйрек, ми және басқа ағзаларға барып ұялайды. Уақыт өткен сайын ұялаған жерінде жылауық құрт өсіп өне бастайды.

Олар көп ұялы және бір ұялы болып бөлінеді. Жылауық құрт қалтасы өсіп, сырқаттың белгісі біліне бастайды, құрт өскен жердегі ағзаның қызметі бұзылады. 

Егер науқас адам уақытында дәрігерге көрініп ауруын анықтап емделмесе, уақытылы ота жасатып тез арада жылауық құрт қалтасын алдырып тастамаса, ол ұлғая келе жарылып, науқастың өміріне қауіп келтіреді.

Ал, енді осы ауруға шалдықпаудың жолдары бар ма? «Сақтансаң сау боларсың»,-дейді халқымыз. Тазалық мұқият сақталған жерде аурудың болуы мүмкін емес. Көп жылғы тәжірибелерге қарағанда бұл ауру мал шаруашылығымен айналысатын кісілердің арасында жиі кездеседі. Аталған аурудың нағыз таратушы көзі ит пен мысықтар екенін жоғарыда айтып өттік. Бір ауру итте 200 мыңға жуық жылауық құрттың ұрықтары болады. Ал сырқат ит күніне қоршаған ортаға яғни үйдің айналасына, аулаға, сәкіге мыңдаған жұқпалы жылауық құрт ұрықтарын шашады. Ол ұрықтар шөптер мен су арқылы малға, тамақ пен су арқылы адамға жұғады. Ауру таратушы иттерді бұл аурудан сақтандыру жолдары қиын емес. Ол өлген малдардың етін, үйде сойылған малдардың жылауық құрт ұясы орналасқан ағза мүшелерін, өкпе бауырларын ит, мысықтарға жегізбей терең шұнқырларға көміп немесе өртеп жіберген дұрыс. Асыранды иттерді аулада байлап ұстау, нәжістерін өртеп жіберу, жыл сайын мал дәрігерлеріне тексеріп тұру, дәрі беру арқылы құрттардан тазартып тұру керек. Тазалық-денсаулық кепілі. Сондықтан барлық жерде тазалық сақтайық.

Медициналық көмекке дер кезінде қаралмауы және өздігімен емделу  аурудың асқынуына әкелуі мүмкін!

Осы қарапайым ережелерді сақтасаңыз - денсаулығыңызды сақтайсыз!

Л.Туртаева,

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының 

санитариялық эпидемиологиялық бақылау 

басқармасы басшысының орынбасары