Қос пакет көмекті көбейтеді

unnamed12121.jpg

Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.
ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. 
Бұрыннан қолданыста бар, жаңартылып, жетілдірілген тегін көмек пакетін еліміздің барлық азаматтары, сондай-ақ, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алады. Яғни, мемлекет медициналық көмектің негізгі түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді деген сөз. 
Атап айтқанда, жедел жәрдем мен шұғыл медициналық көмек осы пакет негізінде тегін көрсетіледі. Оған қоса, әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез,
АИТВ, мінез-құлықтағы және психикалық ауытқулар, қатерлі ісік) мен жұқпалы емес сырқаттардың негізгі түрлері де бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен тегін емделеді.

Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.
МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді.

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қос пакет көмекті көбейтеді