Дәрігерге қаралғанның зияны болмайды

001-35.jpg

Ертең – қазан айының 10-ыншы жұлдызында «Дені саудың - жаны сау!» ұлттық бағдарламасы аясында Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні аталып өтеді. Бұл күн елімізде «Өмір – менің ең қымбат құндылығым!» ұранымен балалардың жүйке жүйесін қалыптастыруға байланысты пилоттық жоба ретінде Қазақстанда алғаш рет 2015 жылы жүзеге асырылған болатын. Жалғасын тапқан игі акция аясында Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында (МСАК) психологтардың, учаскелік дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің тегін кеңестеріне жүгінуге болады.

Сонымен бірге, МСАК ұйымдарында суицид жасауға әрекеттенген балалардың ата-аналары мен жақындарымен жекелей әңгімелесулер ұйымдастырылады. Денсаулық бейінді мектептерінде психикалық денсаулықты қорғау, отбасында жағымды психологиялық қарым-қатынас құру туралы сабақтар өткізіледі.

Психикалық денсаулық – бұл адам баласының өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, өмір қиыншылықтарына төтеп бере алатын, өнімді еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндігі бар жайлы жағдайы.

Психиканың бұзылуы – жүрек-қантамырлары аурулары мен қатерлі ісік сынды созылмалы ауруларды қоздыратын негізгі фактор.

Психикалық денсаулықты сақтау үшін ең алдымен, жасөспірімдер және олармен жұмыс істейтін кәсіби мамандар, сондай-ақ, халық арасында жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтудың маңыздылығы туралы білім деңгейін арттыру керек.

Психикалық денсаулықты қорғау – құрамына психикалық денсаулықты нығайту, психиканың бұзылуын ескерту, мінез-құлқы мен психикасы бұзылған адамдардың стигматизациясын төмендету бойынша шаралар бар көп бағытты стратегия болып табылады.

Әлемде 1992 жылдан бастап Бүкіләлемдік психикалық денсаулық федерациясының бастамасымен Бүкіләлемдік психикалық денсаулық күні аталып өтіп келеді. Оның мақсаты – депрессивті көңіл-күй, шизофрения, Альцгеймер ауруы, нашаға тәуелділік, талма ауруы, ақыл-ойдың артта қалуының таралуын азайту.

Бүгінде еліміздің мектептерінің жанынан «қауіпсіздік командасы» құрылған. Ондағы мақсат оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Өз кезегінде облыстық психикалық денсаулық орталығының  мамандары жасөспірімдер ортасында жүйке жүйесіндегі  ауытқушылықтың себептерін зерттейді. Тұрғындардың психикалық денсаулығына қатысты мәліметтер тіркелген Дағдарыс орталықтарында психиаторлар мен психологтар соның негізінде тиісті дәрігерлік көмектер көрсетеді.

Жүйке жүйесі ауруларының алдын алуға салауаты өмір салтын қалыптастыру орталықтары да өз үлесін қосып келеді. Мамандар денсаулыққа салғырт қарауға болмайтынын   ескертеді. Олардың айтуынша, психиатрға қаралу міндетті емес. Бастапқыда психолог немесе психотерапевтке жүгіну жеткілікті.

Бүгінде тұрғындарға психиатриялық көмек өз деңгейінде көрсетіледі. Мамандардың сөздеріне сүйенсек, баланың жүйке денсаулығын ерте бастан анықтауға болады. «Егер бала үш жасқа дейін дұрыс сөйлемесе, атын білмесе, өзіне және айналасындағыларға озбырлық танытса жүйке жүйесінде ауытқушылық бар деген сөз. Ондай жағдайда баланы психологиялық денсаулық орталығына әкелу керек. 

Ұрпақ саулығын бүгіннен ойлау маңызды. Ендеше, дәрігерге қаралудан қымсынбаңыздар. Мамандардың тегін көмектері мен тегін кеңестерін алуға асығыңыздар.

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Дәрігерге қаралғанның зияны болмайды