Дәрігерлер электронды темекіден бас тартуға шақырады

Screenshot_6.jpg

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы АҚШ-тағы эпидемияға байланысты қазақстандықтарға вейпингтан бас тартуға шақырды.


«АҚШ-та электронды темекілерді шеккен адам өлімінің бесінші жағдайы тіркелді. АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекіден пайда болатын белгісіз ауруға байланысты адамдарды одан бас тартуға шақыруда. Бүгінгі таңда вейпингпен байланысты тыныс алу жүйесінің проблемасымен емдеуге жатқызылғандардың 500-ден аса оқиғасы тіркелген. Айрықша таралған ауру белгілері ретінде жөтел, кеуденің ауырсынуы, ауаның жетіспеуі, қалтырау, бас ауруы, естен танып қалу, диарея, анорексия, салмақ жоғалту жайттары тіркелуде. Бронхоскопия бұл аурудың жұқпалы емес екендігін анықтауға мүмкіндік берді. Рентгенограмма өкпенің астыңғы бөлігінің күңгірттенгенін, компьютерлік томография – өкпе альвеолары үлпілделігінің төмендегенін көрсетті», - делінген таратылған мәліметте.

Айта кетейік, бастапқыда электронды темекілер мен вейперлер шылым шегуді тастауға немесе адамдар үшін зиянды әдеттің залалын төмендетуге көмектесетін құрал ретінде ұсынылған. Алайда, соңғы жылдары олар мектеп оқушылары мен жастар арасында танымал болып кетті. Вейптің негізгі компоненттері ретінде никотин, пропиленгликоль - Е1520 тағамдық қоспасы, глицерин, су және иістендіргіштер (ароматизаторлар) қамтылған.

Ғалымдардың бақылауынша, электрондық темекілерді пайдаланатын жастар кейіннен кәдімгі темекілерді жиі шеге бастайды екен. Бүгінгі таңда орын алған жағдайларға байланысты бүкіл әлемнің ғалымдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп электрондық темекілердің адам денсаулығына тигізетін залалын зерделеуде.

«Осыған байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қазақстандықтарға электронды темекілерден бас тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Вейптердің буын қауіпсіз деп санауға болмайды. Оның құрамында канцерогендермен бірге ағзаны улайтын әлеуетті зиянды қосындылар мен уытты қоспалар бар, сондай-ақ металл іздері немесе қыздырғыш элементтің, не темекі құрылғысының басқа бөлігінің белгілері бар. Бұдан басқа, девайстар жарылып, адамды жарақаттауы мүмкін. Орталық салауатты өмір салтын ұстануға: дұрыс тамақтану үлесін сақтауға, тұз мөлшерін көп тұтынбай, спортпен айналысуға, зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады», - дейді ұйым.

 

АҚШ-та 14 адам электронды темекінің құрбаны болды

Американың Небраска штатының денсаулық сақтау саласының өкілдері электронды темекіден қайтыс болған алғашқы адам туралы мәлімдеді. Ал бүкіл елде вейпинг құрбандарының саны 14-ке жетті.

Небраска штаты Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігінің мәлімдеуінше, Дуглас округінде тұратын 65 жастағы ер адам биыл мамырда қайтыс болған. Ал жазда электронды темекі тартудан індет тарағаны туралы ресми жарияланды.

Вейпинг Калифорния штатының екі тұрғынын жалмаған, сондай-ақ Канзаста екі адам, Орегонда тағы екі адам вейпинг құрбаны болған. Бұдан бөлек, Иллинойс, Индиана, Миннесота, Миссури, Флорида, Миссисипи және Джорджия штаттарының бір-бір тұрғыны электронды темекіден зардап шеккен.

АҚШ-тың ауруларға қарсы күрес орталықтары 46 штатта және Виргиния аралдарында 805 адамның өкпесі электронды темекіден зақымданғанын мәлімдеді. Ұлттық сипат алған індеттің нақты себебі әлі анықталған жоқ. Дәрігерлердің болжауынша, оған вейп құрамындағы тетрагидроканнабинол, марихуанадағы есірткі заттар себеп болуы мүмкін.

 

Үндістан электронды темекіге тыйым салды

Үндістан министрлер кабинеті электронды темекінің өндірісіне, сатылымы мен импортына тыйым салып, оның денсаулыққа қауіпті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Қаржы министрі Нирмала Ситхараман Үкімет жастарға кері әсер тигізіп жатқан вейпинг өнімдеріне (электронды темекі тарту) тыйым салуды бекіткенін хабарлады. Енді аталған мемлекетте осы заңды бұзушылар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Үндістанда темекі тартатын ересектер саны 100 миллион адамнан асады. Бұл электронды темекі шығаратын компаниялар үшін әлеуетті нарық саналады. Никотиннен, судан, ерітінділер мен хош иістендіргіштерден тұратын вейпинг – темекінің балама түрі. Ол шылым шегуден арылуға көмектесуі мүмкін. Бірақ оның денсаулыққа әсері әлі де толық зерттелмеген. Дегенмен, әлемде дәстүрлі темекі өнімдеріне тыйым салынған жоқ.

– Электронды темекіні өндіру, жасап шығару, оны сату, импорттау және экспорттау, онымен байланысты жарнамалар таратуға тыйым салынды, – деді Ситхараман баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, АҚШ пен Үндістанда жүргізілген зерттеу бойынша кейбір жастар вейпингті «заманауи стильдің бір бөлігі» деп санайды.

Үндістан темекі өнімдерін тұтыну жағынан әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұр. Осылайша, бұл елде жыл сайын 900 мыңнан астам адам темекі салдарынан болатын ауруларға шалдығып, көз жұмуда. Алайда, Үндістанның денсаулық сақтау министрлігі қоғам, ең алдымен, вейпингтің жастар арасында «эпидемияға айналуына» жол бермеуіне көңіл аударуы керек екенін алға тартады.

Айта кетейік, 2018 жылы АҚШ, Ұлыбритания және Франциядағы вейперлер түтіні жоқ темекі мен вейп-өнімдерге 10 миллиард АҚШ долларын жұмсаған.

Диагноз газеті