Бір де бір мұқтаж бала «Қазақстан халқына» қорының көмегінен шет қалмауы керек – Тоғжанов

Screenshot_11.png

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Денсаулық сақтау министріне «Қазақстан халқына» қоры арқылы емделетін балалардың мәселесін жеке бақылауында ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Diagnews.kz.

Вице-Премьер мұндай тапсырманы ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында берді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткенде халықтың денсаулығын сақтауға, жалпы медициналық көмектің сапасын әрі қарай арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берді. Соның алғашқысы – «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры туралы. Қазір ол жерде біраз қаржы жиналды. Сондықтан біраз негізгі ауруларға байланысты ұсыныстарды қарау керек. Оның ішінде орфан дертіне шалдыққан балаларға көмек көрсету бойынша аймақтарға тапсырма берілді», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

 Сондай-ақ ол ауыр дертке шалдыққан балалардың қор қамқорлығынан тыс қалмауы керектігін баса айтты. «Осы мәселені әкімдіктермен бірге шұғыл қадағалауда ұстау керек. Бір де бір бала далада қалып қоймауы керек. Ажар Ғиниятқызы, мұны жеке бақылауыңызда ұстауды сұраймыз. Бір де бір бала қамқорлықсыз қалмауы керек», - деді Ералы Тоғжанов.