Түркістан дәрігерлері жаңа әдіспен 6 балаға операция жасады

434763813_1582711049236914_7791109430066298571_n.jpgТүркістан облыстық балалар ауруханасының кардиохиругтері Беларусия мемлекетінен келген мамандармен бірлесіп, жүрек ахауының күрделі түрімен ауыратын балаларға ота жасауда. Дәрігерлер жаңа әдісті қолдана отырып, 6 балаға операцияны сәтті жасап шықты.

Шетелдік мамандардың қатысуымен өткізіліп жатқан шеберлік сыныбы 26-30 наурыз аралығында облыстық балалар ауруханасының базасында өтеді. Игі шара MUMKINDIK жобасы аясында BI Group-JULDIZAI корпоративтік қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өтуде. Беларусия мемлекетіндегі Республикалық балалар хирургиясы ғылыми-практикалық орталығындағы балалар кардиохирургиясы бөлімінің басшысы Юрий Иванович Линник, анестезиолог-реаниматолог Виктория Юрьевна Назарова, анестезиолог реаниматолог Кирилл Алексеевич Князевтен тұратын балалар кардиохирургиялық бригадасының қатысуымен балалар ауруханасында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілуде. Шеберлік сыныбы аясында апта басынан бері жүрек ахауына шалдыққан балаларға күрделі оталар жасалып, операциядан кейінгі кезеңде анестезия және пациенттерді басқару ерекшеліктері бойынша жергілікті дәрігерлер тәжірибе жинақтап, жасанды қан айналымын және эхокардиография жүргізу бойынша кәсіби біліктіліктерін шыңдады.

Айта кетейік, Түркістан облыстық балалар ауруханасы елімізде кардиохирургия қызметі бойынша медициналық қызмет көрсететін жетекші орталық. Ауруханада 18 төсектік балалар кардиохирургиялық бөлімшесі жұмыс істеп, жүрек ахауына шалдыққан балларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. 2014 жылдан бері өңірде балалар кардиохирургиясы ашылған сәттен бастап ауруханада 2864-тен астам ота жасалды.