Депрессия: одан құтылу жолдары
Депрессия – әлем бойынша өте көп таралған дерттің бірі. Базбір мәліметтер бойынша әлемде бұл аурумен 350 млн адам ауырады-мыс. Депрессия нашар көңіл-күйден басталып, аяқ асты пайда болатын мәселелерге (күйзеліске) байланысты эмоционалды тұрғыдан әсер ететін факторлармен аяқталуы мүмкін. Көбінесе аталған ауру күнделікті тұрмыстық жағдайда орын алатын жағымсыз оқиғалармен тығыз байланысты болып келеді: үй ішімен ұрысу, қалаған нәрсеңнің орындалмай қалуы, жоспарлардың іске аспай немесе оның аяқ асты бір сәтте өзгеруі, өміріңде қиындық болып жатқан уақытта үстінен тағы да қырсық шалу деген секілді факторлар әсер етеді. Дәл осындай қиын қыстау кезеңде депрессияның алғашқы симптомдарын ажырата біліп, дәрігерлер көмегіне дер кезінде жүгіну қажет.
Депрессия дегеніміз не?
Депрессия – көптеген адамда кездесетін психикалық бұзылудың бір түрі. Ол көңіл-күйдің төмен болуы, қызығушылықтың жоғалуы, ангедония (белгілі бір өмір қызықтарынан рахатты сезінбеу), адамның өзін әрдайым кінәлі сезінуі мен тұлға ретінде төмен бағалауы, ұйқының бұзылуы мен тәбеттің болмауымен және де басқа симптомдармен сипатталады.
Он адамның біреуі депрессияның ауыр түріне шалдықса, әр бесінші адам психикалық бұзылудың бұл түрімен өмір бойы зардап шегеді. 2020 жылға қарай депрессия біраз жанды мүгедектікке алып баратын басты себептердің бірі болады деп болжайды маман-дәрігерлер. Ал 2030 жылы ол ауру түрі бірқатар елдерде әлеуметтік проблемаға айналуы әбден мүмкін.
Депрессия түрлері
Эндогендік депрессия – депрессияның неліктен, қандай себептермен пайда болғанын білмеуді білдіреді. Бұл жағдайда мұны химиялық немесе биологиялық бұзылу деп атайды. Депрессияның бұл түрі тұқымқуалаушылықпен емес, көбінесе өмірлік қиындықтардың әсерінен пайда болады. Эндогендік депрессия мазасыздық және ұйқысыздықпен сипатталады.
Депрессия белгілері
Депрессиядан зардап шегетін адамдар белгілі бір шаруаға қызығушылығын жоғалтады және басқа да оқиғаларға мүлдем қызығушылық танытпайды. Бұл – депрессиямен ауыратын адамның алғашқы клиникалық белгілерінің бірі. Сондай-ақ, симптомдардың қатарына тұрақты мұңды, үмітсіздік сезімін, шаршау, проблемаларды ойлау немесе қабылдау, қиындықтарды шешуге деген ұмтылыстың болмауы, әлеуметтік оқшаулауды жатқызамыз.
Депрессия кезінде адамның тамаққа тәбеті мүлдем болмауы мүмкін немесе керісінше тамақты өте көп жеуі мүмкін. Сол секілді ұйқыға байланысты: ұйқысы қашып мүлдем ұйықтамауы немесе керісінше күні бойы оянбай ұйықтауы да мүмкін.
Психосоматика
Психосоматикалық аурулар психикалық және психологиялық факторлармен тығыз байланысты. Психосоматикалық аурулар эмоционалдық стресс пен физикалық симптомдардың әсерінен туындайды. Әсіресе, стресс туындаған кезде адамның иммундық жүйесі әлсіреп, ойлау жүйесіне нұқсан келтіруі мүмкін. Депрессияда физикалық симптомдар жиі кездеседі. Олар созылмалы іштің ауырсынуын, қол мен арқадағы ауырсынуды, асқазан-ішек ауруларын, шаршау мен ұйқының бұзылуын, психомоторлы белсенділіктің өзгеруін және тәбеттің бұзылуын қамтиды.
Жұмыс орнындағы депрессия
Депрессия – қызметкерлерге көмек көрсету үшін жұмыс орындарындағы ең үлкен үш мәселенің бірі. Бірінші және екінші орында отбасылық дағдарыстар мен күйзеліс мәселелері тұр. Жұмыстан демалу мақсатында сұранатын жағдайлардың көбісі депрессия ұғымына қатысты. Депрессиямен ауыратын қызметкер жиі емделуге, демалуға ұмтылмайды, себебі ол жұмыста қиындықтар туып қалуы мүмкін деп қорқады.
Көптеген қызметкерлер өзінің депрессияға ұшырағанын да білмей қалуы мүмкін.
Депрессиядан құтылу туралы не білуіміз қажет?
Депрессияның негізгі белгілерін тану өте маңызды. Бұл сізге қажетті терапияны алу үшін мүмкіндігінше жылдам көмектеседі. Депрессия – емделуге міндетті және маңызды көзқарасты талап ететін ауру. Егер оған кезінде мән берілмесе, дерт келе-келе дендеп, адамды ауыр халге жеткізуі мүмкін. Тіпті, кейде депрессияға түскен адам өзіне-өзі қол жұмсауы (суицид) да ықтимал. Базбір кезде депрессияға түскен науқасты «біреудің назары түсіпті» немесе «көз тиіпті» деп қазақшылыққа салынып, ем жүргізу үшін балгерлер мен халық емшілеріне жүгінетіндер бар. Сөйтіп, ауруды асқындырып, мүшкіл халге жеткізіп, дәрігерлерден көмек сұрайтындарды көріп жүрміз. Естеріңізде болсын, тек дәрігер ғана қажетті ем жүргізіп, аурудан жаза алады.
Депрессия белгілері біліне бастаса мына ұсыныстар есіңізде болсын. Егер ұйқыңыз қашса, сіз жоқ дегенде он минут күлсеңіз, ағылшын психологтарының айтуы бойынша, сіздің ұйқыңыз тынышталып, санаңыз серігіп, жігеріңіз артады. Егер өлең айтқанды ұнататын болсаңыз және де өлеңді күнде айтсаңыз, онда өміріңіз әлдеқайда ұзарады. Зерттеулер көрсетіп отырғандай ән салу тек қана кеуде бұлшық еттерін ғана дамытып қоймайды, сонымен қатар жүрек бұлшық еттерін де нығайтады. Егер сіз сөйлемдермен сөйлеуді ұнатсаңыз және әрбір айтқан сөйлем сипаттамаларыңыз алты секундтан артық болатын болса, онда тыңдармандарыңыз нашар түсінеді. Неміс психологтарының айтуынша мұғалімдер секундтына екі сөзден артық сөз айтпауы керек. Яғни, неғұрлым сөйлем қысқа болса, соғұрлым ол балаға түсінікті болады.
1. Оптимист болуға тырысыңыз. Табысқа жету мен әріптестеріңізбен жақсы қарым қатынастың ең дұрыс жолы – орнықты көңіл-күй мен кез келген мәселеде оңды шешім ұстану. Оңды эмоциялар жұқпалы келеді. Көңіл-күйіңіз үнемі көтеріңкі болса, достарыңыз да, жанұяңыз да, оқушыларыңыз да өмірег қуанышпен қарауға берген мүмкіндігіңіз үшін сізге ризашылық сезімге бөлейтіні анық.
2. Қорқыныш сезімін жеңуге тырысыңыз. Көңілде ұдайы қорқыныш сезімінің (фобиялар) болуы (ол тіпті абстрактілі қорқыныш болсын) – адамның жеке тұлғасын жоятын психологиялық инвлидацияның бірі формасы. Оған өз бетіңізше қол жеткізе алмасаңыз психолог пен психотерапевттің көмегін пайдаланыңыз.
3. Өзіңізбен өзіңіз жеке болуға уақыт табыңыз. Кез келген адамға жалғыз өзі қалып, өмір туралы, өзі туралы, пайда болған мәселелерді шешудің жолдары туралы ойлануға, серігуге, демалуға жеке уақыт керек-ақ. Бұл әсіресе мінез құлқы интровертке жататын адамдарға айырықша керек.
4. Айналадығыларыңыздың сізден тым көп нәрсе талап етуін болдырмаңыз. Қолыңыңыз тиіп, мүмкіндігіңіз болған кезде өзгелерге көмектесу бір бөлек те, адамды ұдайы басқа жұмыстарға «жегіп қою» мүлдем бөлек нәрсе. Мұндай жағдай қайтала берсе, адамда біреудің өтінішін орындай алмағандықтан, өзін ұдайы кінәлі санау сезімі пайда болады. Сондықтан, кейде аздап эгоист болған пайдалы.
5. Өзіңізге ұнамайтын нәрсені ұнайтындай кейіп танытпаңыз. Өзіңіздің сезіміңізді зорықтыру өте үлкен өмірлік энергияны қажет етеді, көңіл-күйіңіз бұзылады, жеке тұлғалық қасиеттеріңізге нұқсан келтіреді. Демек, батылдау болыңыз жөн.
6. Өз балаларыңызға артық қысым жасамаңыз. Жұмыста педагогикалық профессионализм таныта отырып, көптеген ұстаздар оны үйде де жалғастырып отырғанын бақамай қалады. Нәтижесінде балаларға артық талаптар қойылады. Сондықтан өз балаларыңызға өзімен өзі болуға, өзін-өзі танытуға мүмкіндік беріңіз. Олар тек сіздің талаптарыңыздың мүддесінен шығуға талпынбайтын болсын. Олар өздері қалаған нәрсемен айналысқанда ғана өзіне деген сенімі артады.
7. «Бұл менің қолымнан келмейді» деген сөзді сирек айтуға тырсыңыз. Егер өзгелер сіздің мүмкіндіктеріңзге сеніп тұрса, өз күшіңізді неге сынап көрмеске? Сізге жаңа нәрсені бастауға өтініш түскен жағдайда, мұндай ұсыныстарды жіберіп алуға тырыспаңыз.
8. Көпшілік алдында сөйлеуге тартынбаңыз. Үлкен аудиторияның алдында сөйлеуге мүмкіндік туған жағдайда, одан бас тартудың қажеті жоқ. Көпшіліктің алдында сөйлеу өз ойыңызды қысқа да нұсқа жеткізе білу, үйретумен бірге табысқа жету үшін керекті қасиет, тыңдаушылардың алдында стериотивті сөйлеуден де арылтады.
9. Дене сымбатыңызға көңіл бөліңіз. Дененің сымбатты болуы адамның психологиялық жағдайына жақсы әсер етумен қатар, басқаларға үлгі бола алады.
Өмірге әрдайым қуанышпен қараңыз!
2017 жылы Abbott компаниясы депрессияға ұшыраған адамдардың басын біріктіріп «Depreccii.net» атты ақпараттық портал құрған болатын. Мұнда депрессияға қатысты мәселелер мен белгілі бір симптомдармен, одан құтылу жолдары туралы мәліметтер ала аласыз.
Толқын Аймаханова,
«Тараз-Болашақ» медициналық колледжінің оқытушысы.
Тараз қаласы.