Малдан келетін кесел

Screenshot_16.jpg

Бруцеллез (сарып) – зооноздар тобына жататын, адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.

Табиғи жағдайда бағылатын ауру малдан бөлініп шығатын қоздырғыштар жайылымдылық жерге, топыраққа, суатқа, өсімдіктерге түсіп таралады, ал қорадан шығармай күтілетін малдардан бөлінетін бруцелдер еденде, жемде, т.б. ауру мал сүйеніп, сүйкенетін айнала төңіректің бәрінде қалады.

  Олар ауру қойдың терісі мен жүнінде 3-4, суда-5, зәрде-1,5, қи тезегінде 5 айға дейін сақталады. Бруцелла бацилласы табиға ортаға өте төзімді, топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүріп өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толықтай сақтай алады, тек қана жоғары температураға төзімсіз, 90-100 градусқа қайнатқанда сол бойда өледі. Қоздырушы азық-түлікте ұзақ уақыт сақталады.Төменгі температураға өте төзімді болады (қатырылған етте 5 ай, сүт өнімдерінде – 1,5 айға дейін сақталады). Мұз болып қатқан етте 10 айдан қөп, сүтте 10- 30 күн, топырақта 1,5- 6 ай, брынза, май, сыр, айран өнімдерінде 10-3-4 ай, етте-12-47 күн, тұздалған теріде 2 ай, жүнде 2 – 3 ай сақталады.Міне, осы аталған объектілердің бәрі адамға бруцеллез жұғуының қайнар көзі іспетті. Бұл жерде қоздырғыштар қонған тұсқа тіке түскен күн сәулесі бруцелдерді өлтіретінін әрдайым есте ұстаған дұрыс.

    Бруцеллез адамға үш түрлі жолмен: тұрмыстық қарым-қатынаста, азық-түлік заттары және ауру арқылы жұғады. Сондай-ақ, сарып ауруының таза кәсіби сипаттамасы бар екенін ұмытпалық. Расында, мал төлдету, қой қырқу науқаны кезінде малшылардың осы ауруды жұқтырып алу қаупі жоғары. Ал термикалық (жоғары температурада қыздыру, қайнату, т.б) өңдеуден өтпеген азық-түлік түрлерін пайдаланған адам да бруцеллезге шалдығуы мүмкін. Бруцеллездің ауа арқылы жұғуы қой-ешкі жүнінің тозаңды бөліктерінің, т.б. бруцелді микробтардың тыныс жолдарына енуінен болады. Сол үшін де сырқырамалы сарппен ауыратындардың басым көпшілігі-мал шаруашылығы мен мал өнімдерін өңдейтін мекеме еңбеккерлері болып келеді. Кез-келген адам жасы мен жынысына қарамастан, бруцеллезбен ауруы мүмкін. Тері, асқазан-ішек және тыныс алу жолдары арқылы ағзаға енетін қоздырғыштар алғашында ешбір белгі бере қоймайды.  Аурудың жұққаны - қоздырғыштардың уыттылығына, ағзаға қандай мөлшерде енгеніне және оларға ағзаның қаншалықты дәрежеде қарсылық көрсетуіне байланысты 3-4 аптадан кейін ғана білінеді. 

Тұрғындарының жеке шаруашылығындағы ірі қара малдары және қой-ешкілері жылма-жыл тексеруден өткізіледі. Бруцеллез ауруымен ауырған малды сау малдан оқшаулап, бес күн аралығында тиісті орынға тірілей тапсыру керек. Мал тұрған орында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет.

Бруцеллезбен ауыратын науқаста төмендегідей шағымдар орын алады:

- Жоғары дене қызуы

-Дене буындарының сырқырауы (әсіресе, төменгі бөліктерде)

- Бірден күш жоғалтып, әлсіреу.

- Тершеңдік.

Ауру адамның барлық мүшесін зақымдауы мүмкін, бірақ көбіне тірек-қимыл аппаратын, жүректі, тыныс алу, ас қорыту, несеп-жыныстық, орталық және жүйке жүйелерін, лимфалық түйіндерді, көкбауыр және көзді зақымдайды.

Бруцеллездің алдын алу шаралары

• Ең маңызды қадам бруцеллездің тасымалдаушысы болатын үй жануарларын ұстайтын (малдары бар) азаматтар үйдегі малдарын ветеринариялық тексеруден жүйелі түрде өткізіп тұруы өте қажет: вакцинациялау, жануарларды тексеру

• Ауылшаруашылық жануарларын бруцеллезге тексеріп, оң нәтиже анықталған жағдайда оларды дереу союға тапсыру

• Жануарлар күтіміне байланысты барлық жұмыстарды, әсіресе төлдеу науқанында арнайы қорғаныш киімдерін (арнайы киім, аяқ киім, қолғап) киюмен жүргізу, жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау, іш тастаған малмен жұмыс істеу барысында, олардың қи-қалдықтарымен жұмыс кезінде абай болу

• Жұмыстан кейін қолды бірнеше рет сабындап жуу, түсік түскен жерді арнаулы дәрімен дезинфекциялау, қолдағы ұсақ жарақаттарды уақытында емдеу

• Малды жайлауға шығарар алдында міндетті түрде бруцеллезге тексерту

• Бруцеллезбен ауырған малды сау малдан бөлек бағу


Махадилова,  Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы

 ТКҚСҚББ-ның бас маманы 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Малдан келетін кесел