Дұрыс тамақтану - денсаулық кепілі

Screenshot_19.jpg

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек қазіргі таңда бүкіл әлемде созылмалы инфекциялық емес аурулар кең таралған, бұл қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары, қатерлі ісіктер, семіздік, біздің өңірде кең таралған өт-тас аурулары. Бұл аурулардың пайда болып, дамуының бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбау болып табылады, тамақтану мен созылмалы инфекциялық емес аурулардың негізгі дамуының арасындағы байланыс ғылыми дәлелденген.

Адамдар өз ағзасына үлкен зиян келтіретінін білмей, тез дайындалатын тағамдарды, тәтті газдалған сусындарды көптеп және жиі қолданады, әсіресе жастар. Сонымен қатар, майдың, холестериннің, тұздың мөлшері көп, каллориясы жоғары, қуыру арқылы дайындалған тағамдарды көп тұтынады. Мұндай тамақтану денсаулық жағдайының бұзылуына әкеледі, сондықтан дұрыс және дұрыс емес тамақтанудың не екенін ажырату қажет.

Дұрыс тамақтану ережелері:

- адамның күнделікті мәзірі өнімдердің кең ассортиментін қамтуы тиіс: жармалар, жемістер, көкөністер, майсыз ет, сүт өнімдері, бал, жаңғақтар. Дұрыс тамақтану ережелері бойынша адам ағзасы күн сайын ақуыздар, майлар, көмірсулар, микроэлементтер және витаминдер алу керек. Бұл ағзаның барлық функционалдық жүйелері мен органдарын жұмысқа қосу үшін, сондай-ақ энергиямен қанықтыру үшін маңызды.

- дұрыс тамақтанудың негізгі принципі майлы және қуырылған тағамнан үзілді-кесілді бас тарту емес, оларды пайдалы майлармен (өсімдік майы, жаңғақтар, теңіз өнімдері) ауыстыру болып табылады. Ақуыздың жоғары мөлшері мен майлылығы төмен (құс еті, бұршақ және майсыз сүзбе) өнімдерді пайдаланған дұрыс.

- дұрыс тамақтанудың негізі күніне кем дегенде үш рет азық-түлікті тиімді бөліп қабылда, күніне төрт рет тамақтану оңтайлы болып табылады. Тамақтану тәртібін қатаң сақтау – салауатты өмір салтының маңызды аспектісі. Ұсынылатын тамақ порциясы 250-350 грамм шегінде болуы тиіс.

- асқазан-ішек жолы ауруларында күніне төрт реттен артық, бес-алты рет (бөлшек тамақтану) тамақ ішуге тура келеді. Тұтынылатын каллория саны адамның энергия шығынынан аспауы тиіс. Дайын тағамдардың каллориялығы оларды дайындау тәсіліне, яғни қайнату, қуыру, булап қайнату, пісіруге байланысты.

Дұрыс тамақтану ережелерін сақтаған жағдайда зат алмасу қалпына келтіріледі, адамның жұмысқа қабілеттілігі төмендемейді, ұйқыға тартып, депрессияға түспейді, тері және шаш жабыны жақсарады.

Дұрыс тамақтану иммунитетіңіздің күшті болуына, тамаша пішінде көрінуге, өмір сүру сапасын жақсартуға және өміріңізді ұзартуға көмектеседі.


С. Махатова, Шымкент қаласы

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің

сектораралық ынтымақтастықты

үйлестіру бөлімінің басшысы




®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Дұрыс тамақтану - денсаулық кепілі