Қатерлі ісіктің алдын алуға болады

Screenshot_9.jpg

Бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері көп кездеседі. Қатерлі ісіктің пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. 

Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі - созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс. Обыр жасушасы тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Сөйтіп, жылына жер бетінде миллиондаған адамдардың өмірін жалмайды. Бұл көрсеткішті азайту жолында дәрігерлер қолдан келген мүмкіндікті жасауда. 

Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады. Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтіп тұрыңыз. Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн. Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары сарапшыларының бағалауы бойынша дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ның алдын алуға болады екен. Ендеше аурудың алдын алу, одан сақтану үшін өз қолымыздан келетін шараларды жасап, обырға қарсы күреске үлес қосуды естен шығармайық. Айтылған ақпараттарды бойымызға сіңіріп, орындап, денсаулығымызды сақтап жүрейік!


З. Рузметов, Түркістан облыстық ТКҚСҚБ департаментінің бөлім басшысы 



®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қатерлі ісіктің алдын алуға болады