Кавасаки мен мультижүйелі қабыну синдромының айырмашылығы қандай?
Соңғы уақыттары Қазақстанда Covid-19 вирусын жұқтырған балаларда Кавасаки синдромы пайда болғаны туралы хабар тарай басталғалы, ата-аналарда алаңдаушылық көбейді. Оның үстіне ел арасында індет енді балаларға тісін батырады екен деген әңгіменің тарап жатқанына тіптен, үрей туғызуда. Covid-19 кесірінен симптомдары байқалып жатқан сирек кездесетін Кавасаки қандай ауру? Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева жан-жақты мағлұмат берді.
- Сирек кездесетін Кавасаки синдромның қазіргі қауіпті індетпен қабаттасып көрінуі қай кезден байқалды?
- 2020 жылдың сәуір айынан бастап COVID-19 ауруының жоғары деңгейі байқалған елдерде коронавирустық инфекциядан кейінгі балаларда педиатриялық мультижүйелі қабыну синдромы түрінде жаңа ауру тіркеле бастады. Балалар мен жасөспірімдердегі COVID-19-бен уақытша ассоциацияланған мультижүйелі қабыну синдромы (MVS) – бұл COVID-19 инфекциясынан кейінгі қабынумен байланысты кейінге қалдырылған иммунологиялық құбылыс. Бұл патология COVID-19-дан 3-5 аптадан кейін балаларда дамитын инфекциядан кейінгі синдром болып табылады, бұл осындай науқастарда қандағы антиденелерді анықтау арқылы көрінеді.
– Мультижүйелі қабыну синдромы мен Кавасаки ауруының айырмашылы қандай?
– Мультижүйелі қабыну синдромының тағы бір атауы – Кавасаки тәрізді синдром, өйткені ол Кавасаки ауруымен клиникалық ұқсастыққа ие, бірақ белгілі бір айырмашылықтары бар. Олардың негізгісі – Кавасаки ауруы тек ерте балалық шақта дамиды, ал МҚС 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарда да тіркеледі. Кавасакидің шынайы ауруы бүкіл әлемде өте сирек кездесетін патология, Қазақстанда жыл сайын 2-5 жағдай анықталды. Айта кету керек, COVID-19-бен байланысты МҚС балалардағы жаппай ауру емес, бірақ кейбір балалар коронавирустық инфекциядан кейін Кавасаки ауруына ұқсас клиникалық белгілерді көрсетуі мүмкін және жүрек бұлшық етінің қабыну белгілерімен ауру ауыр түрде өтіп, коронарлық артериялардың аневризмінің дамуы және басқа органдар мен жүйелердің зақымдануы мүмкін. Сондықтан балаларда COVID-19 ауруының алдын алу шаралары әлі де өзекті болып отыр. Мультижүйелі қабыну синдромын сәтті емдеу үшін ерте диагностика және уақтылы басталған терапия маңызды.
–Мультижүйелі қабыну синдромының негізгі клиникалық белгілері қандай?
− 24 сағат ішінде 38,5-тен жоғары температураның болуы, асқазан-ішек жолының зақымдануы – іштің ауыруы, құсу, жүрек айнуы, диарея. 50%-да тыныс алу жүйесінің зақымдануы мүмкін – жөтел, ауыр пневмонияның дамуына байланысты ентігу туындайды. Айқын біліну дәрежесі әртүрлі денедегі бөртпе дақ, дақты-папулез, конъюнктивит, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, алақанның, аяқтың ісінуі мүмкін. Жүрек тұсында ауырсыну түріндегі кардиоваскулярлық симптомдар болады. Сонымен қатар, тілдің қызыл таңқурай тәрізді қызаруы, еріннің қызаруы байқалады.
– Егер COVID-19-ға ассоциацияланған мультижүйелі қабыну синдромына күдік болса не істеу керек?
– Мұндай жағдайда, бала міндетті түрде көп салалы балалар ауруханасына жатқызылуы керек, онда ол диагностикалық шаралардың толық көлемін және қажетті терапияны алады. МҚС бар науқастарды диагностикалау мен емдеуді әртүрлі педиатриялық профильдегі мамандардың мультидисциплинарлық тобы жүзеге асырады: инфекционистер, ревматологтар, кардиологтар, гематологтар, реаниматологтар. Ерте диагностика және уақтылы медициналық көмек көбінде бала жағдайының жақсаруы мен сауығуына әкеледі.
- Қазіргі уақытта қанша бала мультижүйелі қабыну синдромына, қаншасы коронавирус инфекциясына шалдығып отыр?
- Бүгінгі таңда республикада балалар арасында COVID-19-бен ассоциацияланған МҚС-ның 31 жағдайы анықталды, оның ішінде 18 бала қолайлы нәтижемен шығарылды, қалғандары көпбейінді балалар ауруханаларында емделуде және республикалық деңгейдегі сарапшылар тобының бақылауында. Ал, коронавирустық инфекциямен Қазақстанда барлығы 2500-ге жуық бала ауырған, оның ішінде 111-і жаңа туған. Балалардың 80%-ында COVID-19 симптомсыз және жеңіл түрде өтті, пациенттердің 20%-ы ауруды орташа және ауыр түрде бастан өткерді. Бұл негізінен ауыр созылмалы аурулары бар балалар болды, бұл COVID-19 ағымын нашарлатты. Балалар арасында өлім жағдайлары байқалған жоқ. Балалар COVID-19 коронавирус инфекциясымен ересектерге қарағанда сирек ауырады. Олардың клиникалық белгілері аз және ауру көбінесе симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді, дегенмен ауыр ағым жағдайларын да жоққа шығаруға болмайды.
- Әңгімеңізге рахмет!
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/kavasaki-men-mul-tizhuyeli-kabynu-sindromynyn-ayyrmashylygy-kanday_a3694082