Балалардағы кавасакиға ұқсас синдромы неден туындауы мүмкін - дәрігер пікірі

Screenshot_3.jpg

Covid-19 ауруынан кейін баланың бойында кавасакиге ұқсас синдром қайдан пайда болады? Бұл сұраққа «Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Covid-тің балалардың бойынан симптомсыз немесе жеңіл өтетіні белгілі. Бірақ соған қарамастан, бізді, яғни дәрігерлерді алаңдататын мәселе – Covid-19 ауруынан кейін 2-6 апта өткен соң «мультижүйелі қабынған синдром» деп аталатын аурудың қаупі туындайды. Оны кейде Кавасакиге ұқсас синдром деп те атайды. Бірақ біздің мәліметтеріміз бойынша, Covid-19 ауруын өткерген біздегі жалпы балалардың 1,5 пайызы кавасакиге ұқсас синдроммен ауырған», - деді ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап берген Риза Боранбаева. Оның айтуынша, бұл ретте бір нұсқа болғанымен, оны растайтындай дәлел әлі жоқ. «Бұл Covid-19 секілді жаңа синдром болғандықтан ол балалардың бойында неге өршитіні туралы мәлімет жоқтың қасы. Оны кавасакиге ұқсас аурулармен салыстырып қарасақ, кавасакидің өзімен генетикалық тұрғыда бейім балалардың ауырады деп есептеледі. Болжамымызға қарағанда, Covid-19 кезінде де, кавасакиге ұқсас синдромға да генетикалық тұрғыда бейім балалар ауыратын болуы керек. Яғни, мұндайда күрделі жағдайды санаулы балалар өткеруі ықтимал. Бұл гипотеза, алайда бұған қатысты нақты әрі сенімді мәлімет жоқ екенін тағы бір айта кеткім келеді», - деді Риза Боранбаева.