Туберкулез - емделеді!

Screenshot_3.jpg

Өкпе туберкулезі — бұл созылмалы , жұқпалы ауру, мұнымен кез келген адам ауыруы мүмкін. Роберт Кох 1882 жылы туберкулез қоздырғышын ашты және бұл жұқпалы ауру екенін дәлелдеді. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тәріздес болып көрінеді, сондықтан туберкулез таяқшасы деп аталды.

Туберкулез - бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының - сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда өкпе туберкулезі жиі кездеседі.

Жұқтырудың негізгі көзі - туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам.

Туберкулез қалай тарайды?

Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерін дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті болып қала отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.

Науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды.

Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін.

Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұқтырылады, бірақ туберкулез ауруының дамуы әр жағдайда болмайды. Өкпе туберкулезінің ауруы иммунитет төмендеген, жеткіліксіз тамақтану, қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайларда орын алады. Негізінен иммунитеті нашар жас балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер және иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.

Туберкулез белгілері?

1. Ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел

2. Шаршау және әлсіздік

3. Дене салмағының төмендеуі

4. Температураның ұзақ көтерілуі

5. Түнде тершеңдік

6. Кеуде қуысындағы ауырсыну

7. Қан түкіру

Туберкулезді қалай анықтауға болады?

1. Тері туберкулин сынамасы (Манту) адамның жұқтырғанын көрсетеді.

2. Рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді.

3. Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.

Туберкулездің алдын алу шаралары

1. Салауатты өмір салтын ұстану.

2. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы туберкулез ауруынан қорғайды.

3. Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары — сүртіну, құю, душ.

4. Жөтел этикетін сақтау

5. Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайтавакцинациялау.

6. Туберкулезді дер кезінде диагностикалау.

Ж.НАУРЫЗБАЕВА, Түркістан облыстық фтизиопульманология орталығы ІІ терапия бөлімінің меңгерушісі 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Туберкулез - емделеді!