МӘМС-тің мәні мен маңызы

Screenshot_8.jpg

Қазақстанда 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Бұған дейін азаматтардың өз денсаулығын сақтандыруы ерікті түрде жүзеге асырылып келген болатын.

Жалпы, МӘМС аясында азаматтарға медициналық көмек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысы арқылы көрсетіледі. Осыған орай жүйе жаңадан енгізілген уақытта азаматтар тарапынан «Медициналық сақтандыру жүйесі не үшін енгізіледі?», «Қаншалықты тиімді?», «Қазіргі медициналық қызмет жүйесінен қандай артықшылығы бар?», «Қандай өзгерістер болады?» деген сауалдар жиі қойылған болатын. Ал қазіргі уақытта, бұл жүйе өз өміршеңдігін дәлелдеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен жұмыс істеуде.

МӘМС жүйесінің негізгі мақсаты – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақтылы сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Осыған орай еліміздегі барлық медициналық мекеме МӘМС қорымен бірге жұмыс істеп келеді.

Солардың бірі – Шымкент қалалық №4 емхана. Біздің емханамызға қазіргі таңда жалпы 40 850 адам тіркелген. 2020 жылғы 11 айдың көрсеткішіне тоқталсақ, осы уақыт аралығында емханаға 197 919 адам келіп, дәрігерлер көмегіне жүгінді. Жыл басынан бері емханалық-амбулаториялық көмек алғандар саны 291 011 адамды құрайды. Оның ішінде МӘМС аясында көрсетілген қызмет көлемі ауқымды. Атап айтқанда 79 543 адамға МӘМС қоры аясында медициналық қызмет көрсетілді.

Әл-Фараби ауданының тұрғындарына қалалық №4 емханада қазіргі таңда жалпы 77 дәрігер қызмет көрсетуде, оның ішінде 21 жалпы тәжірибелі учаскелік дәрігер болса, 11 педиатр, 5 гинеколог маман бар. Бұған қоса бейінді мамандар мен 150 медбике  қызмет етеді.

Жалпы, қазіргі таңда еліміздегі медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім-шарт жасау арқылы халыққа қызмет көрсетуде. Жылдың басында келісім-шарт түзіліп, сол бойынша қаражат бөлініп отырады. Осы қаражатқа келер болсақ, біздің емхана бойынша бұл сома 891 млн 321 мың теңгені құрайды, оның ішінде МӘМС бойынша – 186 млн 689 мың теңге.

МӘМС бойынша бөлінген қаражат сомасы кеңестік-диагностикалық қызметтерге, лабораториялық қызметтерге, түрлі емдік шаралар сияқты көмек түрлерін көрсетуе жұмсалған.

Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін, сонымен қатар, емханамызда 20 төсек-орынды күндізгі стационар жұмыс істеп тұр. Онда жыл басынан бергі 10 айда 569 науқас ем қабылдаған. Оның ішінде 342 науқас МӘМС бойынша ем қабылдаған. Бұл 3604 төсек-орын күнін құрайды.

Емханамызда ем-дом шараларын алған тұрғындар дәрігерлерге алғыс айтуда. Олар өздеріне күтім жасап, емдеген медицина мамандарының қызметіне разы. Солардың бірі – қаламыздың тұрғыны Алтаева Жанар Бейсенқызы.

– Мен қалалық №4 емхана тіркелгенмін. Жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ай сайын жарна аударып жүрмін. Қазіргі таңда сол МӘМС жүйесінің көмегімен қалалық №4 емхананың күндізгі бөлімінде ем қабылдап жатырмын. Денсаулығым жақсарып қалды. Барлық медициналық қызмет маған уақтылы көрсетілуде. Медициналық сақтандыру қорына және осы емхана қызметкерлерімен басшылығына алғыс айтамын, - дейді Жанар Алтаева.

Айта кетейік, МӘМС жүйесінің тиімділігін бір мақала аясында толық айтып өту мүмкін емес. Ондағы пакеттерге шұғыл көмектермен қатар жоғары технологиялы, қымбат емдеу түрлері де кіреді. Осы қызметтердің барлығы МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұрғындарға қолжетімді. Сондықтан, мемлекет тарапынан жарна аударылатын 15 санаттан басқа азаматтар денсаулығын ойлап, МӘМС жүйесінде сақтандырылуды ұмытпағаны жөн.

Р.БЕКТҰРҒАНОВ,  Шымкент қалалық №4 емхананың бас дәрігері, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: МӘМС-тің мәні мен маңызы