Газдалған сусындарға қойылатын талаптар!
Жаздың келуімен салқын сусындарды тұтынушылардың саны артатыны белгілі. Оның ішінде газдалған сусындарға да сұраныс көбейеді. Қандай да бір газдалған сусынды тұтынбас бұрын өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сай жасақталғанына көз жеткізіңіз. Себебі, бұл құжаттар арқылы өнімдерді дайындау (өндіру), оны сақтау, тасымалдау, өткізу, сату және пайдаға асыру процесстері қадағаланады.
Бұнымен сіздерге айтпағымыз, Кеден одағы комиссиясының 09.12.2011 ж. №881 шешімімен бекітілген «Тағам өнімдері, оларды таңбалау бөлімінде» 022/2011 Кеден одағының техникалық регламентінде қарастырылған өнімнің атауы, өндірушісі, өндірушінің орналасқан жері, құрамындағы әрбір ингредиенттер туралы мәліметтер, өнімді қолдану мақсаты мен тәсілдері, қарсы көрсетілімдері, шығарылған күні, партия нөмірі, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, мемлекеттік тіркеу туралы ақпарат нөмірі мен күні көрсетілген мәліметтермен танысқаннан кейін ғана өнімді тұтынғаныңыз жөн. Сондай-ақ, ЕАС белгісіне ерекше мән беруді сұраймыз. Өйткені бұл белгі-Еураазиялық сәйкестікті білдіреді және Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген барлық сәйкестікті бағалау рәсімдерінен өткендігін растайды.
Сонымен қатар, газдалған сусындардың микробиологиялық қауіпсіздік нормалары, гигиеналық қауіпсіздік талаптары (құрамындағы ауыр металдардың рұқсат етілген деңгейі, микотоксиндер, кофеин мөлшері т.б) 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі» Кеден одағының техникалық регламентімен, ал, сусындар құрамына қосылған қоспалар, хош иістендіргіштер 029/2012 «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің қауіпсіздік талаптары» Кеден одағының техникалық регламентімен реттеледі.
Өнімнің қауіпсіз болу жауапкершілігі тікелей өнімді өндірушілерде, ал сіз тұтынатын тамақ және азық-түлік емес тауарлардың техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келуін қадағалау біздің міндетіміз болып табылады.
Н. Нышанов, Түркістан облысының СЭБД басшысы