Менингит ауруы

Менингит – бас миы мен жұлынды зақымдайтын, өте майда микробтар –менингококктармен шақырылатын қауіпті жұқпалы ауру. Менингококкты инфекция өте тез таралу, ауыр клиникалық ағым мен жоғары өлім-жітім көрсеткіштерімен сипатталады. 

Screenshot_15.jpg

СЫРҚАТТЫҢ БЕЛГІСІ ҚАНДАЙ?

Менингит ауруы кенеттен басталады. Күтпеген жерден адамның  басы қатты ауырады, құсады, бес-алты сағаттан кейін денеде бөртпе пайда болады. Дене қызуы 39-40°С-қа жетеді, қалтырайды. Тері бозарады. Адам әлсіреп,  арқа және аяқ-қол сырқырайды. Көзі бұлдырап, бір нүктеге қарай алмайды, алдындағы зат қосарланып көрінеді. Науқас адам шөлдейді, тәбеті нашарлайды. Кейде ауру жеңіл түрде өтеді. Менингит  тұмау, баспа, суық тию, тонзиллит және тағы басқа  ауруларға ұқсас болғандықтан адамдар мән бермейді. 

Иммунитеті әлсіз ересектер мен балалар ауруға жиі шалдығады. Салқын тиіп қатты ауырғанда менингококк инфекциясы бас миының қабығына тез өтіп, қабындырады. Сондықтан халық арасында бұл ауруды «миқұрт» деп атайды.

Менингококкты менигит жедел басталады, науқастың денесінде бөртпелер пайда болып, қатты бас ауру, құсу, жүрек айну, дене қызуының 39-40°С дейін көтерілуі секілді белгілер пайда болады. Науқас осы ауруға тән кейіпте, яғни мойын бұлшықеттері тырысып, бас артқа қарай, арқасы түзу, іші тартылып, аяғы ішке қарай жиналып қалады.

Дер кезінде дәрігерге жүгінбеген немесе емді кешіктіріп алған жағдайда менигит өте қауіпті асқынуларға (кереңдік, эпилепсия, гидроцефалия, бала жетілуінің тоқтауы), кейде өлімге де алып келуі мүмкін.

АУРУДЫҢ ЖҰҒУ ЖОЛДАРЫ

Инфекцияның көзі — науқас адамдар және «дені сау тасымалдаушылар», яғни қандай да бір клиникалық белгілері жоқ, бірақ менингококк инфекциясын тасымалдайтын сау адамдар. Инфекция ауа тамшылары арқылы жұғады. 

Науқас адам түшкіргенде, жөтелгенде ауаға инфекция таралады. Қоғамдық орындарда, адам көп жиналатын ғимараттарда инфекция тез тарайды.

Науқас адам маска киіп жүру керек және оны  жиі ауыстырып тұрған дұрыс.

Аталған ауруға көбінесе бес жасқа дейінгі балалар шалдығады. Себебі олардың иммундық жүйесі қалыптаспағандықтан ауруға қарсы күресе алмайды. Сондай-ақ  жасөспірімдер мен жастар, орта жастағы адамдар да аталған аурудың «құрығына» тез ілігеді. Өйткені жас адам  тәуекелге барады, яғни салқын тисе, тамағы ауырып, қызуы көтерілсе, елемей жүре береді. Өз денсаулығына бұлай салғырт қараудың соңы көп жағдайда қайғылы оқиғаға әкеледі.

САҚТАНУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Аурудан сақтану үшін қарапайым тазалық ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстану керек. Мүмкіндік болса, адамдар көп жиналатын жерлер мен сауда, ойын-сауық кешендеріне, мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін жерге сирек барған дұрыс.

Күн салқын кезде жылы киініп жүру керек. Жеке бастың гигиенасы сақталуы керек. Әсіресе балаларға қолды мұқият жууды үйреткен дұрыс.

Тамақ ішер алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу керек. Суық тисе, адам өзін жайсыз сезінсе, бір реттік маска киген дұрыс. Бөлмені жиі желдетіп, тазартып отырған жөн.

Витаминдер мен минералдарға бай азық түлікті пайдалану.

Есте сақтаңыз! Дәрігерге ерте қаралып, емдеу шараларын ерте бастау – жазылудың кепілі.

Г.Лесова,

Бәйдібек аудандық СЭББ эпидемиологиялық – бақылау 

және қадағалау бөлімінің бас маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Менингит ауруы