Қызылша ауруы туралы не білуіміз керек?
Қызылша – өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе, ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары.
Инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Инфекция көзі – ауру адам. Ол айналадағыларға инкубациялық кезеңнің 2-күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-күнге дейін қауіпті. Ал 5-күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және кез-келген жаста ауырып қалуы мүмкін.Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт – ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады, дене қызуының 38-40С градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), сонымен қатар, беттің шырышты қабығында (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады.
Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді.Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5С градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.
Асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхты пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады.Қызылшаға қарсы егу – бұл ағзада өзін қорғайтын иммунитет түзеді. Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында,6 жаста ревакцинация жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады.
Кудайбергенова Кунсулу Пернебековн,
Бәйдібек аудандық СЭББ-сыныңиэпидемиологиялық
бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы