Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына қойылатын талаптар
Мектепке дейінгі ұйымдар үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бар, онда меншік нысанына қарамастан барлық талаптар көрсетілген.
Бұл санитариялық ережелерде мектепке дейінгі ұйымдардың аумағы қоршалуы тиіс екенін, аумағында және бөлмелерінде функционалдық жағынан оларға қатысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмейтіні көрсетілген. Объектілер ауыз сумен, ыстық сумен, канализациямен, жарықпен, желдетумен, жылытумен қамтамасыз етілген және жақсы жағдайда болуы керек. Барлық үй-жайлар таза болуы керек, дезинфекциялық ерітінділерді қолдану арқылы күнделікті тазаланып, жәндіктердің, кенелердің және кеміргіштердің болуына жол бермеу үшін дератизация және дезинсекциялық шаралар жүргізілуі керек. Жиһаздар мен заттардың жабдықталуы балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек.
Нысандарда басшы бекітетін перспективалық мәзір құрастырылады. Тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын қабылдау олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар болған жағдайда жүзеге асырылады.
Сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті алкогольсіз сусындар, фастфудтарды өндіруге және сатуға рұқсат етілмейді.
Сондай-ақ, пастерленбеген сүт, термиялық өңдеусіз сүзбе және қаймақ, йодталмаған тұз және темірі бар витаминдер, минералмен байытылмаған (фортификацияланбаған) бидай ұнын пайдалануға рұқсат етілмейді.
Күнделікті медициналық қызметкер немесе жауапты адам дайындалған тағамның сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Бракеражды комиссиясымен тамақтану сапасын бағалау кезеңмен жүзеге асырылады, оның құрамы міндетті түрде медициналық қызметкерді, әкімшілікті, өндіріс басшысын және ұйымның өкілін және ата-аналар комитетінің өкілін қоса отырып, нысан басшысының бұйрығымен бекітіледі. Күн сайын аспаз нақты ас мәзіріне сәйкес дайын өнімнің күнделікті үлгілерін ас блогында қалдырады.
Медицина қызметкерлері емдеу-профилактикалық және сауықтыру іс-шараларын жүргізеді, балалардың аурушаңдығын төмендетуге және денсаулығын жақсартуға бағытталған сауықтыру іс-шараларының кешенді жоспарын жасайды, сондай-ақ қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексеруден уақтылы өтуінің есебін жүргізеді. Барлық қызметкерлердің жеке медициналық кітапшалары және жұмысқа рұқсат берілген туралы белгісі болуы қажет.
Сондай-ақ, санитариялық ережелерде көрсетілгендей, гигиеналық нормаларға сәйкестігін анықтау үшін азық-түлік, су, топырақ, дезинфекциялау ерітінділері, сүртінді, микроклимат, жарықтандыру, электромагниттік өрістерге зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы барлық қажетті талаптарды сақтау аурулардың алдын алуға, балалардың физикалық және психикалық дамуына, дені сау ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасайды.
А.Ахметов,
Шымкент қ. СЭБД басшы орынбасары