Газдан уланудың алдын алыңыз!
Шымкент қаласында улы газбен улану жағдайлары жиі тіркелуде. Уланғандар арасында ересектермен қоса балалар да бар.
Күннің суытуына және орталықтанырылған жылу жүйесінің қосылмауына байланысты, қала тұрғындары пәтерлерін жылыту үшін газ қазандықтарын, газ плиталарын, духовка және басқада құрылғылар қолдануда. Жылыту қондырғыларының дұрыс жұмыс жасамауынан улану жағдайы орын алып, нәтижесінде денсаулық жағдайының нашарлауына әкеліп соғуда. Көміртегі тотығы қауіпті, өйткені ол көрінбейді және сезілмейді, оның иісі де, түсі де жоқ, сондықтан оның екінші атауы – «тілсіз жау». Сол үшін автономды пешпен үйді жылыту және ыстық суға арналған газ жылытқыш қондырғыларын қолдану кезінде сақтық шараларын сақтау қажет. Себебі техникалық жағдайының тексерілмей қосылуынан газбен улану жағдайлары орын алуы мүмкін. Улы газ тыныс алу жолына түскеннен кейін көміртегі тотығы молекулалары қанға еніп, гемоглобин молекулаларымен байланысады, нәтижесінде карбоксигемоглобин түзіледі, бұл оттегінің тасымалдануына кедергі келтіреді және оттегінің жетіспеушілігі тез дамиды.
Көміртегі тотығымен улану кезінде денеде әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, ауа жетіспеушілігі, құсу, денеде ауырлық сезіну, құлағында шу, ентігу, жөтел және көздің жасаурауы, теңселу, ұйқышылдық байқалады.
Сонымен қатар, адамның вестибулярлық аппаратының жұмысы бұзылып, есту, көру қабілеттері нашарлауы мүмкін. (тепе-теңдікті жоғалту, өзін-өзі ұстай алмау) Ауыр және орташа санатты улану кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесі жұмысы нашарлайды. Аритмия пайда болып, қан қысымы мен дене температурасы төмендейді. Осындай кезде зардап шегушіге медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, жүрек тоқтап, адам қайтыс болуы да мүмкін.
Көміртегі тотығымен улану кезінде зардап шеккен адамға тез арада алғашқы көмек көрсету маңызды:
- жәбірленушіні мүмкіндігінше тез арада таза ауаға шығару керек;
- тыныс алуды жеңілдету керек – тыныс алу жолдарын тазарту, киімді шешу, тілдің кетіп қалуына жол бермеу үшін жәбірленушіні бір қырымен жатқызу керек;
- тыныс алуды қалпына келтіру, нашатыр иіскету, кеудені ысқылап, аяқ-қолды жылыту керек;
- жедел жәрдем шақыру.
Егер адам бір қарағанда қанағаттанарлық жағдайда болса да, оны дәрігер қарап-тексеруі керек. Себебі уақтылы басталған ем шаралар улы газдан уланудан болатын асқынулар мен өлім қаупін азайтады.
Осыған орай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды!
Жылыту маусымы басталар алдында жылыту және су жылыту жабдықтарының жарамдылығын тексеру қажет. Түтін құбырлары мен мұржаларды дұрыс күйде ұстаңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізу қажет. Әр жолы газ жабдығын қоспас бұрын тартқышты тексеріңіз. Егер пештің немесе газ құрылғысының ақаулығы анықталса, мамандарға хабарлау керек.
Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына сақ болыңыз!
Т.Алдабергенова,
Еңбекші ауданының СЭББ бас маманы