Емдеу - профилактикалық мекемелерде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізу туралы

Емдеу профилактикалық мекемелері – бұл халыққа медициналық көмек көрсететін және алдын алу шараларын жүзеге асыратын медициналық мекемелер жүйесі. Дезинфекция дегеніміз, ол - сыртқы ортада инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені болып табылады.

Screenshot_25.jpg

Дезинфекция - ағымдық және қорытынды дезинфекция болып бөлінеді. Ағымдық дезинфекция – науқас ауру ошағында болған кезде әрбір нозологиялық нысан үшін белгіленген жиілікпен жүргізілетін дезинфекция. Қорытынды дезинфекция – науқасты емдеуге жатқызғаннан, оқшаулағаннан кейін, ол жазылған соң немесе қайтыс болғаннан кейін ошақта жүргізілетін дезинфекция. Емдеу профилактикалық мекемесінде инфекциялық және паразиттік ауру анықталған жағдайда, ағымдағы дезинфекциялауды осы мекеменің медицина қызметкері мекемеде бар дезқұралдарды қолдана отырып, дезқұралға қоса берілетін нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырады. Медициналық ұйымдар инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою мақсатында қорытынды дезинфекция жүргізеді.

Дезинфекциялық құралдармен жұмыс істеуге тартылатын мамандар (дезинструктор, дезинфектор) әр 5 (бес) жыл сайын дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша кәсіптік даярлықтан және жыл сайын жұмыстарды қауіпсіз жүзеге асыру, дезқұралдармен уланған кезде дәрігерге дейін алғашқы көмек көрсету мәселелері бойынша нұсқамадан өтеді. Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау жүргізу үшін Евразиялық экономикалық одақтың Өнімдерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тіркелген құралдар қолданылады. Денсаулық сақтау ұйымдарында дезинфекциялау құралдарына қажеттілігін есептеу ҚР ДСМ-нің 29.07.2022 жылғы «Дезинфекциялауды, дезинсекциялауды және дератизациялауды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-68 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Дезинфекциялық ерітінділер өндірушінің нұсқауларына сәйкес дайындалады. Дезинфекциялық құралдардың жұмыс ерітінділері бар сыйымдылықтар тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталған, олардың құрал, шоғырлануы, тағайындалуы, дайындалған күні, ерітіндінің шекті жарамдылық мерзімі көрсетілген нақты жазбалары немесе затбелгілері болады. Жарамдылық мерзімі аяқталған, жарамсыздық белгілері (түсінің өзгеруі, бөгде элементтердің болуы) бар болған жағдайда дезинфекциялық құралдар қолдануға жол берілмейді.

 Инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарды және инфекциялық ауруға күдікті адамдарды қабылдағаннан кейін, таңып байлағаннан кейін, әйелдерді гинекологиялық креслода тексергеннен кейін әрбір науқастан кейін жұмыс беттерін (пациенттің денесімен және (немесе) биоматериалымен жанасатын беттерді) оларды қолдану жөніндегі дайындаушының нұсқаулығына сәйкес дезинфекциялық ерітіндімен сүрту керек. Инфекциялық аурумен ауыратын науқасты (немесе инфекциялық ауруға күдікті) әрбір жеткізгеннен кейін жедел медициналық жәрдем автокөлігіндегі жұмыс беттері (пациенттің денесімен және (немесе) биоматериалымен жанасатын беттер) оларды қолдану жөніндегі дайындаушының нұсқаулығына сәйкес дезинфекциялық ерітіндімен сүртіледі. Пациенттерге күтім жасау заттарын (ыдыс-аяқ, киім-кешек, судно) дезинфекциялау құралының ерітіндісімен суланған мата сулықпен сүрту тәсілімен, кейіннен сумен шая отырып, дезинфекциялау құралының ерітіндісіне батыру тәсілімен дезинфекциялайды. Өңдеу жүргізуге арналған ерітіндінің мөлшері дезинфекциялау затының толық батырылуын қамтамасыз етеді, бұл ретте ерітіндінің мөлшері бұйымдардың үстінде кемінде 1 сантиметр құрайды.

Зақымданбаған тері жабынымен жанасатын медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника дезинфекциялауға, адамның тіндерімен, қуыстарымен немесе қан жүретін жолдарымен тікелей жанасатын және зақымданбаған сілемейлі қабықтармен жанасатын медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника стерильдеуге жатады. 

Емдеу-профилактикалық мекемелерде санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді, дезинфекциялық-стерилизациялық режимдерді қатаң сақтау, медициналық бұйымдарды сапалы дезинфекциялауды, стерилдеуді қамтамасыз ету медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алудың негізгі шаралары болып табылады.

А.Темірханқызы,

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының

эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы