Туберкулез – жұқпалы ауру
Туберкулездің қоздырғышы микобактериялар. Ең алдымен өкпе, кейде басқа ағзаларды да зақымдайды. Қазіргі таңда міндетті профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және туберкулезге қарсы тиімді химиялық препараттардың болуына байланысты адамдар бұл ауруды белгілі деңгейде бақылауда ұстай алатын болды. Туберкулезді жұқтыру туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамнан ауа және ауа тамшылары жолдары арқылы беріледі.
Туберкулездің алдын-алуда халық нені білуі тиіс?
• Жаңа туылған нәрестелер перзентханада туберкулезге қарсы Кальметт- Герен Бацилла вакцинасымен (БЦЖ) егіледі және 6-7 жастағы 1 сыныпқа баратын балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда, Кальметт-Герен Бацилла вакцинасымен қайта егу (ревакцинация) жүргізіледі;
• 14 жасқа дейінгі «Жоғарғы қауіп тобындағы» және туберкулез ошақтарындағы балалардың арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында Манту сынамасымен жылына 1 рет қамтылады;
• Ересектер мен жасөспірімдер арасында міндетті түрде флюорографиялық тексеруден жылына 1 рет өтуі тиіс.
Профилактикалық флюорографиялық тексеруге тиісті топтар анықталып, әр жыл сайын жоспар жасалынып, тексерумен қамтылады. Жылына 1 рет және 6 айда 1 рет флюорографиялық тексеруден өтетін, қоршаған ортаға жұғу қаупі жоғары және адамның өзінің туберкулезбен ауырып қалу қаупі жоғары топтарына мыналар жатады.
1) медициналық ұйымдардың қызметкерлері;
2) әскери қызметке шақырылғандар;
3) жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, училищелердің оқушылары;
4) 15-17 жастағы жасөспірімдер;
5) әр түрлі аурулармен диспансерлік есепте тұрған адамдар;
6) иммундық супрессивті терапия алып жүрген адамдар;
7) өкпесінде кез келген этиологиядағы қалдық көріністер бар адамдар;
8)туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыстағы адамдар;
9) мектепке дейінгі ұйымдардың, жалпы білім беру және мамандандырылған мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың қызметкерлері;
10) жоғары және арнаулы орта оқу орындарының қызметкерлері;
11) дәріханалардың қызметкерлері;
12) нәрестелердің туберкулезге қарсы вакцинациясыз перзентханадан шығарылғанға дейін отбасы мүшелері;
13) әскери қызметшілер мен төтенше жағдайлардың алдын-алу саласының қызметшілері;
14) ҚР территориясына тұрақты және уақытша тұруға келгендер;
15) халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, жолаушы тасымалдаушылар және тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері;
16) тергеудегі және сотталған адамдар;
17) Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері;
18) арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелерде қызмет алушылар.
Ем қабылдамаған әpбip науқас жылына 10 адамнан 15 адамға дейін туберкулез ауруын жұқтыруы мүмкін. Туберкулезге шалдыққандардың 54%-ын 18-44 жас аралығындағы жұмыс істеуге қабілетті адамдар кұрайды.
Профилактикалық флюорографиялық тексерудің мақсаты – ересектер мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез аурушаңдығын ерте анықтау. Туберкулез ауруы ерте анықталмаған жағдайда ауру бациллярлы түрімен немесе туберкулездің асқынған түрімен анықталып, қоғамға қауіпті күшейтеді.
Туберкулездің алғашқы белгілері:
• Жөтелдің екі аптадан астам уақытқа созылуы;
• Дене қызуының көтерілуі;
• Кеуде қуысының ауыруы және шаншуы;
• Дене салмағының түсуі;
• Түнгі уақытта терлеу;
• Тәбеттің төмендеуі;
• Қатты шаршау және әлсіздік.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда не істеу керек?
• Тексерілу үшін тұрғылықты және оқу орны бойынша медициналық мекемеге жүгініңіз;
• Уақытында анықталған туберкулез - ойдағыдай айығып кетудің кепілі.
Туберкулез ауруының алдын алудың негізгі шаралары:
• Салауатты өмір салтын ұстану – жүйелі түрде белсенді дене шынықтырумен айналысу, спортпен айналысу, жақсы демалу;
• Тиімді тамақтану - бұл ет пен сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді жетілікті мөлшерде қолдану;
• Зиянды әдеттерден аулақ болу - темекі, алкоголь, есірткіні тұтынбау;
• Жеке тазалық тәртібін сақтау – жуғыш заттар мен таза суды пайдаланып қолды, ыдыстарды жуу, жеке ыдыс қолдану, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды бүркемелеу;
• Таза ауада жиі болып, табиғат аясында демалыс жасау;
• Үй ішін мезгіл-мезгіл желдетіп, (ылғалды) тазалап отыру;
• Қақырықты кез келген жерге түкіре салу – аурудың таралуына ықпал ететін зиянды әдет, сондықтан бұл әдеттен арылу қажет.
Ө.Жанасбаев
Шымкент қаласы Абай ауданының СЭББ бас маманы