Саңырауқұлақтан уланудың алдын алу

samye_yadovitye_griby_Podmoskovya.jpg

Саңырауқұлақты жинау мен сатып аларда  оның түрлерін ажырата білу өте маңызды. Ажырата білмей, улы саңырауқұлақты пайдалану адам ағзасының өте ауыр деңгейдегі улануына әкеліп, тіпті өлім жағдайына да жеткізеді. Сондықтан ағзаның улану жағдайлары қалай өрбитінін, алғашқы көмек пен уланудың алдын алу шараларына қысқаша тоқталып өтеміз.

Жалпы саңырауқұлақтар жеуге болатын және жеуге болмайтын болып бөлінеді. Саңырауқұлақтан уланудың басты себебі оларды ажырата білмеу. Күмәнданатын болсаңыз, алмаған жөн.

Улы саңырауқұлақтарды пайдаланғанда ағзада уланудың алғашқы белгілері төмендегідей болады: құсу, іштің ауруы, диарея,  аса көп мөлшерде терлеу мен сілекейдің бөлінуі, бронхта сұйықтың жиналуы, соның салдарынан қақырықты ылғалды жөтел, дем алудың қиындауы, жүрек соғуының төмендеуі,  көз қарашығының кішіреюі сияқты белгілер пайда болғанда тез арада жедел жәрдемге жүгіну қажет.

Сондықтан саңырауқұлақты жинауда және сатып аларда төмендегі бірнеше ережелерге назар салыңыз:

- жақсы білетін саңырауқұлақты алған жөн, таныс емес және күдікті саңырауқұлақты алмаңыз;

- саңырауқұлақтар тез бұзылатын өнім болғандықтан жылы орында ұзақ сақтауға болмайды. Қайта жылытып пайдаланар кезде де аса сақтық қажет;

- тұздалған саңырауқұлақтарды цинктелген, алюминді, қыш ыдыстан жасалған ыдыстарда сақтауға болмайды;

- саңырауқұлақтың қандай түрі болса да, пісірмей тұрып дәмін татуға болмайды;

- саңырауқұлақты жинау кезінде балаларға саңырауқұлақты рұқсатсыз ұстауға болмайтынын ескертіп, үй жағдайында пісіргенге дейін балалардың қолы жетпейтін жерге қойылуын қадағалау керек;

- үй жағдайында әзірлеу технологиясын, яғни шыны ыдысты, қақпақты стерильдеу мен өнімді термиялық өңдеуден өткізуін қатаң түрде сақтау керек;

- үй жағдайында консервіленген саңырауқұлақты пайдаланар алдында 15-20 минут қайнатып  барып пайдаланған абзал;

- иісі, түсі бұзылған, жабын қақпағы көтерілген (бомбаж) консервіленген саңырауқұлақты пайдаланбау керек.

Жоғарыда аталған ережелерді сақтау арқылы өзіңіздің және жақындарыңыздың  денсаулығына қамқор болыңыз!

Ә.Төлебаев,

Шымкент қаласының СЭБД басшысы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Саңырауқұлақтан уланудың алдын алу