Жасөспірім шақтағы семіздіктің алдын алу
Бүгінде, балалардың басым көпшілігі cеміздіктен зардап шегеді. Семіздік деген қауіпті естілмегенімен, дәрігерлер бүгінде бұл мәселеге дабыл қағып жатыр. Дәрігердің айтуынша, бұрындары семіздікке 40 жастан асқандар мен бірнеше бала босанған әйелдер шалдықса, бүгінде бұл дерт көбіне 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдерде кездеседі. Семіздік дегеніміз тері асты шеліне және басқа да организмдегі тіндерде майдың жиналуының нәтижесінде дене салмағының артуы. Семіздіктің дамуының қауіпті басты факторлары: бірінші кезекте, әрине, дұрыс тамақтанбау. Фаст-фуд пен тәтті сусындарды шамадан тыс пайдалану. Осы мәселені шешуде ата-ананың рөлі өте зор. Семіздік гипертония, қант диабеті, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, холецистит, панкреатит, өтте тастың пайда болуына әкелуі мүмкін. Тағы да бір фактор, балаға семіздіктің көбіне тұқымқуалаушылықтан берілуі. Семіздік негізінен ағзадағы алмасу процестерінің қалай өтетініне байланысты пайда болады. Осы себепті семіздіктің алдын алу жолдарына тоқталып өтейік:
- тамақтану режимін жəне бөліп тамақтану ұстанымын сақтау (күніне аз мөлшерде 4-5 рет). Күн соңындағы тағамды ұйықтардан 3-4 сағат бұрын қабылдау пайдалы;
- қаныққан май қышқылдарына бай мал өнімдерінің майларына (сары май, майлы ет жəне ет өнімдері, мал майы, құйрық май, іш май, тоңмай), транс-майлы қышқылдарға бай маргаринге, жеңіл сіңетін көмірсуларға (қант, тəттілер, кондитерлік өнімдер) шектеу қою арқылы ас мəзірінің құнарлылығын азайту;
- ас тұзын қолдану мөлшерін шектеу;
- шикі көкөністер мен жемістерді көбірек жəне жиірек (күніне кем дегенде 4-5 рет) тұтыну;
- нан, əсіресе, ақ нан жеуге шектеу қою;
- тұздықтарды, дəмдеуіштерді, ащы тісбасарларды ас мəзірінен алып тастау;
- дəрігердің кеңесімен құнарлылығы аз ас ішу.
- мектеп буфеттерінде салауатты тағам беру (рұқсат етілген тағамдар мен көкөністер, жемістер);
- салмақты бақылауда ұстап, күнделікті дене жаттығуларын жасау;
- уақтылы тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, көкөніс пен жемістерді жеу, қауіпсіз диетаны пайдалану.
Дұрыс тағам – денсаулық кепілі!
Ә. Төлебаев,
Шымкент қ. СЭБД басшысы