Қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру тәртібі

Коммуналдық қалдықтарды өңдеу технологияларын таңдау кезінде коммуналдық қалдықтарды автоматтандырылған сұрыптау технологиялары басым болып табылады. Коммуналдық қалдықтарды өңдеу, кәдеге жарату, залалсыздандыру технологияларын таңдау кезінде бастапқы шикізат немесе негізгі шикізатқа қоспа ретінде басқа технологиялық процестерде қолдану үшін қолжетімді қайталама шикізаттың түпкілікті өнімін алуды қамтамасыз ететін технологиялар басым болып табылады.

Қалдықтардың жекелеген түрлері қалдықтар мәртебесін жоғалтады және оларға қатысты қалпына келтіру жөніндегі операциялар жүргізілгеннен және осындай операциялар нәтижесінде пайда болған заттар немесе материалдар Экологиялық кодекске сәйкес белгіленген критерийлерге жауап бергеннен кейін дайын өнім немесе қайталама ресурс (материалдық немесе энергетикалық) санатына ауысады. Қалдықтар мәртебесін жоғалтуы мүмкін қалдықтардың түрлеріне пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, полиэтилентерефталат орамасы, макулатура (қағаз және картон қалдықтары), пайдаланылған шыны ыдыс және шыны сынықтары, түсті және қара металл сынықтары, пайдаланылған шиналар және тоқыма өнімдері, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша қалдықтардың өзге де түрлері жатады.

Қалдықтардың жекелеген түрлерінің өлшемдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мынадай шарттарға сәйкес әзірлейді және бекітеді:

- зат немесе материалдар өндірісте белгілі бір мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін;

- Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде затты немесе материалдарды өткізу үшін нарық немесе сұраныс бар;

- зат немесе материалдар тиісті өнімге немесе оны белгілі бір мақсаттарда пайдалануға қойылатын экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді;

- затты немесе материалдарды пайдалану қоршаған ортаға немесе адам денсаулығына зиянды әсер етпейді.

Қалдықтар мәртебесін тоқтату критерийі ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында қалдықтарды қалпына келтіру нәтижесінде пайда болған заттардағы немесе материалдардағы ластаушы заттардың шекті концентрациясы айқындалуы мүмкін. Коммуналдық қалдықтарды өңдеуді жүзеге асыру кезінде олардың көму объектілеріне түсуін және/немесе коммуналдық қалдықтарды жағуды болдырмау мақсатында қауіптілігі I және II сыныпты қалдықтарды шығаруды қамтамасыз ету қажет.

Коммуналдық қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру, көму бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттың елеулі талаптары:

а) шарттың мәні;

б) коммуналдық қалдықтардың құрамына және коммуналдық қалдықтарды жинау тәсіліне қойылатын талаптар;

в) өңдеу, залалсыздандыру, көму үшін пайдаланылатын объектіге жіберілетін коммуналдық қалдықтардың жоспарланған массасы;

г) коммуналдық қалдықтарды қабылдау (беру) орны;

д) коммуналдық қалдықтардың мөлшерін коммерциялық есепке алу тәсілі;

е) шарт бойынша қызметтерге ақы төлеу мерзімдері мен тәртібі;

ж) тараптардың шарт бойынша құқықтары мен міндеттері;

и) тараптардың жауапкершілігі және т. б.

Коммуналдық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, өңдеуге, кәдеге жаратуға, залалсыздандыруға, көмуге арналған үлгі шартты жергілікті атқарушы органдар әзірлейді. Күнтізбелік бір ай коммуналдық қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру, көму жөнінде қызметтер көрсетуге арналған шарт бойынша есептік кезең болып табылады. Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрамдас бөліктері (электрондық және электр жабдықтары, құрамында сынабы бар қалдықтар, литий, қорғасын-қышқылды батареялар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті компоненттер) бөлек жиналып, мамандандырылған кәсіпорындарға қалпына келтіруге берілуі тиіс. Өңірлерде (қалаларда) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізілуі мүмкін, қалдықтарды термиялық өңдеуді іске асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 324-бабында көзделген.

М.МАМИРОВА.

Қаратау ауданы СЭББ бас маманы