Су қызбасы – инфекциялық ауру
Лептоспироз немесе су қызбасы – түрлі механизмдермен берілетін зоонозды табиғи антропургиялық инфекциялық ауру. Инфекция көзі екі топқа бөлінеді: а) табиғи ошақтарда – су тышқандары, тышқан тәрізді кеміргіштер, дала тышқандары және сұр тышқандар. б) антропургиялық ошақтарда – шошқа, ірі қара және ұсақ малдар, жылқы, ит. Лептоспирозбен ауырған адам ауру жұқтырмайды.
Берілу жолдары:
- негізгі берілу жолы су арқылы, суда қоздырғыштар ұзақ сақталады, шомылу кезінде жұқтыру жиі кездеседі;
- жанасу жолымен зақымдалған тері арқылы ауру малға қарағанда, сойғанда, терісін, жүнін өңдегенде жұқтыруы мүмкін;
- тағам арқылыкеміргіштердің зәрімен ластанған тағам өнімдерін қолданғанда (қоймаларда ұзақ сақталатын тағамдар) жұғады.
Жасырын кезеңі – 2-19 күн, орташа – 4-14 күн. Адам денесіне сыртқы тері және асқорыту жүйесі арқылы түседі. Қызба бірнеше рет қайталанып, сарғаю, бауырдың зақымдалу белгілерімен өтеді. Белгілері – қызба, интоксикация, бауырдың, бүйректің, орталық нерв жүйесінің зақымдануы, геморрагиялар.
Иммунитет тұрақты – қайта жұқтыру болмайды.
Алдын алуы үшін табиғи ошақтарда мелиорация, дератизация, дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Лептоспироз ауруы табылған қожалықтарда ветеринарлық шектеу шараларын қолдану қажет:
- жеке бас гигиенасын сақтау;
- мал шаруашылығы жұмысшыларын қорғаныс киімдерімен қамтамасыз ету;
- арнайы алдын алу ретінде вакцина егу;
- лептоспироз ошағында мал шаруашылығы жұмысшыларына, мал өнімдерін жинайтын, сақтайтын және өңдейтін адамдарға; ауру малды соятын, оның етін өңдейтіндерге; иесіз жануарларды бағатын, жоятындарға; тірі дақылмен жұмыс істейтіндерге вакцина 2 рет егіледі. 1 жылдан кейін тері астына ревакцинация жасалады.
А.ҚАНАТ,
Қаратау ауданының СЭББ жетекші маманы